10 там, 2021 сағат 11:54

Көшербаев зиялы қауым өкілдерімен бірге елордадағы Абай ескерткішіне тағзым етті


Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев пен Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов елордадағы Абай Құнанбайұлының ескерткішіне гүл қойып, зиялы қауыммен бірге ақынның рухына тағзым етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Салтанатты шараға Президент Әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Дәурен Абаев, Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов, Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова, Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов бастаған мемлекеттік орган өкілдері еліміздің әр өңірінен жиналған ақын-жазушылар қатысты. 

Гүл қою рәсімінен кейін Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев бұл айтулы күннің қазақ руаниятындағы орны туралы пікір білдірді.

«Бүгін Қазақстан халқы үшін ерекше күн. Өйткені бұл күні ұлы Абайға тағзым етеміз, ұлы Абайдан өзіміздің жасампаз істерімізге рухани қолдау табамыз.

«Біріңді қазақ бірің дос Көрмесең, істің бәрі бос», - деп кеткен ұлы Абайдың осы өсиетін орындау – біздің парызымыз. Барды бағалап, жоқты саралап, тәубемізден жаңылмай, тәуекелден айнымай, тәуелсіздік тасын өрге сүйреген халқымыздың жасампаз еңбегіне кезінде Абай бізге үлкен рухани тірек болып отыр. Сондықтан біз тәңірге Абай қасымызда емес деп өкпе айта алмаймыз. Біз Алла тағалаға қазақ халқына осындай ұлы Абайды сыйлаған үшін рахмет айтамыз», - деді Қырымбек Көшербаев.