Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов полицияны қолдау бойынша Президент тапсырмаларын жеделдетіп орындауға қатысты ұсыныс енгізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Атап айтқанда, бүгін Мәжілістің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне құқық қорғау қызметін өткеру тәртібін жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда қаралып, мақұлданды.
«Заң жобасында (бүгін Мәжілісте қаралған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне құқық қорғау қызметін өткеру тәртібін жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы) кадрлық мәселе, құқық қорғау органдарын материалдық қамтамасыз ету мәселелері, сондай-ақ әлеуметтік қорғау бағыттары қаралған. Бірақ қаңтардағы қайғылы оқиғада құқық қорғау органдарының функциялары және өкілеттілігі заңнамалық жағынан жеткіліксіз реттелгені байқалды. 11 қаңтарда Президент Мәжіліс отырысында сөйлеген сөзінде үш блок бойынша заңдарға түзетулер енгізу туралы тапсырма берген болатын. Біріншісі, қару-жарақ айналымына қатысты қойылатын талаптарды қатаңдату еді. Екіншісі, билік өкілдеріне шабуыл жасағаны және заңды талаптарға бағынбағаны үшін жауапкершілікті күшейту мәселесі. Үшіншісіне тоқталсақ, күштік құрылымдардың шешім қабылдау кезіндегі дербестігі, басшылардың жауапкершілігі. Содан бері бір ай өтті, осы орайда заң жобасы қайда? Мәжілістің қарауына қашан енгізіледі?», - деп сұрады Қошанов.
Өз кезегінде ҚР Бас прокурорының орынбасары Әсет Шындалиев тиісті заң жобалары әзірленгенін, оның біреуін Ішкі істер министрлігі, ал екіншісін Бас прокуратура даярлағанын жеткізді.
«Қазір заң жобалары өкілетті органдарда келісуде жатыр. Ол құжаттар бойынша тиісті жұмыстар атқарылып жатыр, жақын арада Парлментке жолдаймыз... Бекітілген жоспар бойынша маусым айы белгіленген, бірақ біз жұмыстарды тездетіп жатырмыз», - деді Шындалиев.
Бұл жауапқа қатысты Мәжіліс төрағасы тиісті ұсыныс жасады.
«Сіздер сәуірде немесе маусымда (заң жобаларын) енгізесіздер. Ол одан кейін қыркүйек айында жалпы отырыста қарала бастайды. Содан кейін Сенаттың талқылауына енгізіліп, жылдың аяғына дейін жалғасады. Сонда, Президенттің тапсырмасын бір жыл уақытта орындаймыз. Яғни бұл мәселе бір жылдың ішінде өзекті бола ма?! Оған дейін қандай оқиғалар болуы мүмкін? Сондықтан тиісті ұсынысты жасаймын. Бүгінгі заң жобасын бірінші оқылымда қарап отырмыз, енді екінші оқылымға дейін тиісті өзгертулер мен толықтыруларды енгізіңіздер. Екінші оқылымда осы заңның ішінде аталған мәселелерді бірге қарап жіберу керек. Сонда, Мемлекет басшысының тапсырмаларын жедел орындауға жағдай жасалады», - деді Қошанов.
«Екінші оқылымға дейін тиісті түзетулерді дайындау керек. Полицияны, құқық қорғау органдарын моральдық тұрғыдан болсын қолдауымыз керек. Олар екі түрлі шабуылға ұшырап отыр. Біріншіден, қаңтар айындағы тәртіпсіздік кезінде шабуылға тап болса, екіншіден, ақпараттық шабуылға ұшырап отыр. Ал керек кезінде бізді қорғайтын осы полиция қызметкерлері. Сондықтан біз бұл сұрақты жеделдетіп, осы заң жобасын тезірек қабылдап, Президенттің тапсырмасын орындауымыз керек», - деді Мәжіліс төрағасы.