фото: Tengrinews.kz
Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов "Nur Otan" партиясының атауы неге "Аманатқа" өзгертілгенін түсіндірді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Оның айтуынша, өмір де, қоғам да өзгеріп жатыр.
"Желтоқсандағы жағдай мен қаңтардағы ахуалды алып қарасақ, шындығында біз басқа мемлекетте ұйықтап, мүлде басқа мемлекетте оянған сияқты болып отырмыз. Мемлекетке үлкен шабуыл жасалды. Қоғам дүр сілкінді. Өңірлерге сапар барысында халықтың көңіл-күйін, сұранысын байқадық. Негізі партияның өзгеруіне, қоғамның өзгеруіне, биліктің жаңаруына сұраныс бар. Партия соған бейімделуі керек. Осының бәрін ескеріп, партия мүшелері осындай шешім қабылдады", - деді Қошанов Мәжіліс отырысынан кейін журналистердің сұрағына жауап беріп.
Бұдан бөлек, спикер "Аманат" деген партияны тіркеуде заң жағынан ешқандай қиындық болмайтынын атап өтті.
"Елімізде "Аманат" деген атаумен отыздан аса әртүрлі ұйым бар екен. Бірақ "Аманат" деген партия жоқ. Сондықтан "Аманат" деген партияны тіркеуде ешқандай қиындық болмайды деп ойлаймын", - деді ол.