Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов AMANAT атауымен өзгерген билік партиясын тіркеуге қатысты түсінік берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Мәжілістің жалпы отырысынан кейін тілшілер палата төрағасынан билік партиясының өзгертілген атауын тіркеу қатысты сұрақ қойды.
«Аманат» деген атаумен жеке компаниялар мен ұйымдар бар. Сондықтан ерсми тіркелу қиын болмай ма?», - делінген тілшілер сауалында.
«Заңнама тұрғысынан тіркеу бойынша ешбір қиындық болмайды. Біз зерделеген кезде «Аманат» деген атаумен 30-дан астам түрлі ұйым бар екен, бірақ осы атаумен партия тіркелмеген. Сондықтан «AMANAT» атауымен партияны тіркеуде ешқандай қиындық болмайды деп ойлаймын», - деп түсіндірді Қошанов.
Сонымен қатар тілшілер тарапынан «Nur Otan» атауынан неліктен бас тартылды» деген сұрақ қойылды.
«Негізі, өмір мен қоғам өзгеріп жатыр, оны өздеріңіз көріп жүрсіздер. Өткен жылдың желтоқсан айындағы жағдай мен биылғы қаңтардағы жағдайды қарасақ, біз басқа мемлекетте ұйықтап, басқа мемлекетте оянған сияқтымыз. Сондықтан бүгінде қоғамның сұранысы да өзгеріп отыр. Мемлекетке қатысты теракті, шабуыл болғаннан кейін қоғам дүр сілкініп отыр. Бұл бағытағы қадамдарға партия бейімделуі керек қой. Қоғам өз алдына, партия өз алдына басқа әлемде өмір сүрмейді ғой? Сондықтан партия мүшелері осының бәрін сараптады», - деді Мәжіліс спикері.
Осы орайда ол Мәжілістегі фракция депутаттары өңірлерге сапармен барып келгенін, сол жерлерде тұрғындардың көңіл-күйі, сұранысы назарға алынғанын атап өтті.
Партияның, қоғамның жаңаруына сұраныс бар.
«Осының бәрін пысықтап, партия мүшелері тиісті шешімді қабылдап, партия төрағасы оны қолдады», - деді Ерлан Қошанов.