ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Ажар Ғиният коронавирус инфекциясының таралуы жағдайына қатысты айтып берді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Сіздерге әлемдегі эпидемиологиялық жағдайды ескере отырып, республикадағы коронавирустық инфекцияның алдын алу бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы хабардар еткім келеді. Әлемде аурудың өсуі жалғасуда. Қазіргі кезде әлемнің 216 елінде КВИ-дың 48 млн-нан астам жағдайы тіркелген, сырқаттанушылықтың өсуі – 1 пайыз. 1 млн 200-дей адам қайтыс болды, өлім көрсеткіші – 2,6 пайыз», - деді вице-министр Орталық коммуникациялар қызметінде.
Оның айтуынша, Еуропа мен Азияның кейбір елдерінде бұрынғыша аурудың өсуі жалғасуда. Соңғы айда Германияда аурудың таралуы көбейгені байқалды.
Соңғы 2 аптада еліміздің өңірлерінде КОВИД-пен сырқаттанудың өсуі байқалады.
«Сырқаттанудың өсуі барлық өңірде байқалып отыр. Өткен аптамен салыстырғанда ауру 2,6 есе өсті. Бүгінгі күні 14 өңірдің – Солтүстік Қазақстан облысының, Батыс Қазақстан облысының, Ақмола, Маңғыстау, Алматы, Атырау, Павлодар, Қостанай, Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Қарағанды облыстарының әкімдері, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларының әкімдері күшейтілген шаралар қабылдады. Күшейтілген шаралар қоғамдық тамақтану объектілерінің толтырылуын азайтуға, кәсіпкерлік немесе өзге де қызмет объектілерінің және халықтың тыныс-тіршілігіне қызмет ететін нысандардың жұмыс кестесін қысқартуға, шектеу шараларын сақтауға, демалыс күндері қоғамдық көлік қозғалысын тоқтата тұруға бағытталған», - деді вице-министр.