06 сәу, 2021 сағат 08:28

Коронавируспен ауырғандар саны артқан жағдайда төсек-орын қоры жеткілікті ме?

Республикада 28 730 төсек-орын қоры бар 275 инфекциялық стацонар жұмыс істеп тұр. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Осы жылдың 6 сәуіріндегі жағдайға сәйкес, КВИ-ге шалдыққан науқастарға медициналық көмек көрсету үшін республикада 28 730 төсек-орын қоры бар 275 инфекциялық стацонар жұмылдырылған. Инфекциялық стационарлардың толуы 36, реанимациялық стацонарлардың толуы 22 пайызды құрайды. Инфекциялық төсек-орынға ең көп жүктеме Батыс Қазақстан, Алматы облыстарында, Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында байқалады», - деді Алексей Цой. 

Оның атап өтуінше, Денсаулық сақтау министрлігі өңірлердегі әрбір медциналық ұйымдағы төсек-орын толымдылығына мониторинг жүргізудің электронды жүйесін әзірлеген. Бұл дер уақытында әрекет етуге қосымша стационарлар ашуға мүмкіндік береді. 

«Өңірлерде жұмыс істеп тұрған стационарлардың жүктемесі 70 пайызға жеткен жағдайда инфекциялық төсек-орындар жасақтау жоспары бар. Инфекциялық төсек-орын резерві 51 мыңнан 60 мыңға дейін арттырылды. Резервтегі нысандар да жұмылдырылатын болады. Бұған қоса, жоспарлы мамандандырылған медициналық көмек көрсету де жалғаса береді», - деді министр.