05 қаң, 2021 сағат 15:04

Коронавирусқа қатысты әлемдегі жағдай?

Қытай астанасында коронавирусқа қарсы вакцинация жасатуға кезек пайда болды. Әлемдегі осы және өзге де жаңалықтар Қазақстанда коронавирустың таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның Telegram-каналында ұсынылған.

«Осы аптада Қытайда жаппай вакцинациялау науқаны жүргізілуде. Ел билігі Қытай Жаңа жыл мерекесі басталғанға дейін миллиондаған адамға екпе егуді жоспарлап отыр. Вакцинацияның алғашқы екі күнінде Бейжіңде препараттың алғашқы дозасын 73 мыңнан астам адам алған. Қытай астанасында бұл үшін кезек пайда болған. Екпелер алдымен автобус жүргізушілері мен әлеуметтік қызметкерлерге жасалып жатыр», - делінген ақпаратта. 

Ал Англияда коронавирустың жаңа, өте жұқпалы штаммының тез таралуының кесірінен эпидемиологиялық ахуал нашарлап, ел аумағында қатаң шектеу шаралары енгізілді. Дүйсенбі күні Британияда коронавирус инфекциясын жұқтырған 58 мыңнан астам жаңа жағдай тіркелді, 407 адам қайтыс болды.

Шотландияда 5 қаңтардан бастап қатаң карантин енгізілді. Оны тұрғындар заң бойынша сақтауға міндетті. Аса қажет болмаған жағдайда үйден шығуға тыйым салынған. Мектептер ақпан айына дейін жабық болады.

Жапония билігі болса жаппай вакцинация қалыпты режимге оралуға және жазғы Олимпиада ойындарын өткізуге мүмкіндік беретініне күмітті. Бірақ әзірге ел астанасында СOVID-19 тез таралуда және қалада төтенше жағдай жариялануы мүмкін. 2020 жылдың 31 желтоқсанында Жапонияда коронавирус инфекциясын жұқтырудың тәуліктік өсімі рекордтық деңгейді көрсетті – 4 520 жағдай, ал жексенбі күні – 3 158 науқас тіркелді.