04 қыр, 2020 сағат 14:39

Коронавирусқа қарсы дәрілік заттардың 48 пайызын қазақстандық өндірушілер шығарады

COVID-19 індетінен емдеу үшін дәрілік заттардың 48 пайызын отандық өндірушілер өндіріп жатыр. Бұл туралы ҚР ДСМ Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитеті төрағасының орынбасары Нұрлыбек Асылбеков мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Денсаулық сақтау министрлігі тарапынан фармацевтикалық өндірісті дамыту мен қолдау және импортқа тәуелділікті төмендету мақсатында 10 жылға дейінгі мерзімде дәрілік заттарды жеткізуге ұзақмерзімді шарттарды бекіту арқылы отандық тауар өндірушілерді қолдау шаралары іске асырылуда. Бұған дейін осы мерзім жеті жылға дейін болған еді», - деп тоқталды Н. Асылбеков Орталық коммуникациялар қызметінде. 

Оның сөзіне қарағанда, 3600 дәрі-дәрмек пен медициналық атаулы заттарды жеткізуге 32 отандық тауар өндірушімен бекітілген 63 ұзақмерзімді шарт бар. Жыл сайын Бірыңғай дистрибьютер сатып алуларында отандық тауар өндірушілер үлесі артып келеді. Бұл өз кезегінде жалпы көлемде ақшалай мәнде 30 пайызды құрап отыр. Ал 2024 жылға қарай оның деңгейін 80 пайызға дейін арттыру жоспарланып отыр. 

«Қазіргі кезде Бірыңғай дистрибьютер сатып алуларында отандық өндірушілердің қаптамадағы өнімі 70 пайыздан артық болып тұр. Атап айтқанда, COVID-19 індетінен емдеу үшін дәрілік заттардың 48 пайызын отандық өндірушілер өндіріп жатыр», - деді Н. Асылбеков.