19 там, 2021 сағат 16:15

"Коронавирус жұқтырған жоқпын". Ақтөбеде аттас адамдардың Ashyq-тағы статусы ауысып кеткен


37 жастағы Ақтөбе тұрғыны Ashyq жүйесіндегі "қызыл" статусына байланысты бірнеше күннен бері жұмысқа бара алмай, жүйеге қосылған нысандарға кіре алмай жүргенін айтты. Оның айтуынша, жүйеде қате кеткен,  ал өзі мүлде коронавирус инфекциясын жұқтырмаған, - деп хабарлайды "Диапазон".

"Мен коронавирус жұқтырған жоқпын, бірақ Ashyq жүйесінен өзімді тексергенде "қызыл" статусқа ие екенімді білдім. Қазір бүкіл жерде Ashyq жүйесі қосылғандықтан жұмысыма бара алмаймын, түрлі нысандарға кіре алмаймын.

Коронавирус инфекциясын менімен аттас адам жұқтырғанын білдім. Екеуміздің толық аты-жөніміз бірдей, бірақ туған күніміз бен тұрғылықты мекенжайымыз әртүрлі. Ал деректер базасында оның ЖСН орнына, менің ЖСН енгізіп жіберген. Осындай қателік салдарынан, біреудің немқұрайдылығынан, ұқыпсыздығынан мен бірнеше күн бойы жапа шегіп жатырмын. Бұл дұрыс па? Шын мәнінде вирус жұқтырған адам қазір қалада еркін қыдырып жүр, ал мен үй қамақта отырмын. Бұл қалай?", - деді қала тұрғыны Алексей.

№4 емхананың бас дәрігерінің міндетін атқарушы мұндай жайт жылжымалы бригада дәрігерінің деректерді қате енгізуіне байланысты болғанын айтты. Бұл дерек бойынша ішкі талдау жүргізілген. Бірақ әзірге бәрі нәтижесіз.

Ақпаратты облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті де тексерген. 

«№4 Ақтөбе қалалық емханасында мұндай жағдай тіркелді. Анализ алған кезде мәліметтер қате толтырылған. Біз бірден хабарласып, қателік түзетілді. Көп уақыт қажет емес, бір күнде барлығын қалпына келтіреміз. Шынына келгенде адам қазір көп, жүктеме еселенді. Адами фактор болып тұр», - деді облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Райхан Қойшанова.