Мектептерде ашылатын кезекші сыныптарға жүкті, жасы 65-тен асқан мұғалімдер сабақ бере алмайды. ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов еліміздің мектептерінде оқу аптасының ұзартылуына қатысты сұраққа жауап берді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихаты барысында министр БАҚ өкілдерінің сауалына орай коронавирус жұқтырып алған мұғалімдерге ешқандай үстемақы қарастырылмағанын айтты.
«Бұл мәселе жалпы Денсаулық сақтау министрлігі бекіткен нұсқаулықта қарастырылған. Кезекші сыныптарда жұмыс істеуге жіберу үшін тиісті талап бар. Мұндай форматтағы жұмыс процесіне жүкті мұғалімдер, созылмалы аурулары бар жасы 65-тен асқан ұстаздар жіберілмейді. Яғни, мұндай педагогтар кезекші сыныпта жұмыс істей алмайды. Коронавирус жұқтырып алмас үшін дене қызуын қадағалап, барлық санитарлық талаптарды сақтау қажет. Мұның барлығын мектеп басшылары бақылауға алады. Тиісті ережелер бектіліп, мұғалімдердің назарына жеткізілді», - деді Асхат Аймағамбетов.