29 қаң, 2021 сағат 11:27

Коронавирус вакцинасын салатын екпе кабинеттеріне қандай талап қойылады?

Екпе кабинетінде күніне 60 адамға ғана КВИ-ге қарсы вакцина салынады. Мұндай талап туралы онлайн конференция барысында ҚР ДСМ Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің вакцинаға көнетін инфекцияларды бақылау басқармасының басшысы Нұршай Әзімбаева айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Жекелеген жағдайларда жылжымалы екпе бекеттері немесе көшпелі екпе бригадалары ұйымдастырылады. Бұл ретте аталмыш бекет қызметкерлері тоңазытқышы бекітілген белсенді рефрижераторлы термоконтейнерді қолданылуы керек. Бұл термоконтейнер тасымалдау кезінде де автокөліктің қуаттау қызметіне қосылып тұруы керек», - деді Нұршай Әзімбаева.

Оның айтуынша, бір екпе кабинетінде бекітілген стандарт бойынша күніне 60 адамға ғана вакцина салынуы керек. 

Ал жылжымалы екпе бекеттері немесе көшпелі екпе бригадалары күніне 40 адамға ғана екпе жасайды.

«Кейінгі 20-30 жылдың ішінде біздің елде иммундаудың қаншама кампаниясы ұйымдастырылды. Яғни, бұл тұрғыда тәжірибе бар. Әйтсе де коронавирусқа қарсы вакциналау бұрын болмаған. Халық сол себепті екпенің жаңа түрін түсіндіруді көбірек талап етуі мүмкін. Медицина қызметкерлеріне көбірек уақыт керек. Осыған байланысты дәрігерлерге күнделікті азырақ жүктеме түсірілді. Күніне екпе кабинетінде 60 адамға ғана екпе салынуы керек», - деді ол.

Екпе салдыратын кабинеттерде санитайзерлер орнатылуы керек. Одан бөлек дәрігерлер де, пациенттер де маска тағуы тиіс. Келушілер арасындағы арақашықтық кем дегенде 1,5 метр болғаны абзал.