20 сәу, 2020 сағат 16:54

Коронавирус пандемиясы кезінде Ораза ұстау қауіпті ме?

Сарапшылар коронавирус пандемиясын ескере отырып, Рамазан айының қарсаңында Ораза ұстауға қатысты пікір білдірді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.

Алматыдағы №11 аурухананың жалпы практикалық дәрігері Гүлсаням Нұралиеваның айтуынша, пандемия кезінде денсаулыққа қауіп төндірудің қажеті жоқ. Сондықтан дәрігер Ораза ұстауды кейінге қалдыра тұруға кеңес береді.

"Аш жүрген адамның иммун жүйесі әлсірейді, ал дәл қазір эпидемиологиялық жағдайды ескеретін болсақ, дәрумендермен байытылған азық-түлік пен жемістерді тұтыну қажет. Тамақта ақуыз, май және көмірсулар көп болуы керек. Дәл қазір барлығы дәрумендер қабылауды қажет", - дейді маман.

Нұралиеваның айтуынша, коронавирустың алдын алу үшін жылы суды көбірек ішу керек. Сондай-ақ, дәрігер лимон мен итмұрын қосылған суды ішуге кеңес береді, себебі ол иммун жүйесіне жақсы әсер етеді дейді.

Ал Алматыдағы Ұлттық биотехнологиялар орталығы филиалының директоры, профессор Сейдіғапар Мамадалиевтің айтуынша, қандай қиын жағдай болсын, Ораза ұстауға болады.

"Мен Ораза ұстаған адамдардың иммунитеті әлсірегенін ешқашан көрмеппін. Ол адамдардың ағзасында күн ыстық болған жағдайда су жетіспеуі мүмкін. Бірақ бұл иммунитеті әлсірейді деген сөз емес", - дейді профессор.

Сонымен қатар, ол иммунитеті әлсіреген адамдарға Ораза ұстамау керегін ескертті. Оның айтуынша, науқас, егде жастағы және диабетке шалдыққандарға Ораза ұстаудың қажеті жоқ. 

"Негізі аштық көп ауруға ем болады. Бұл зат алмасу процесін реттейді. Жүрекке қысымды азайтады, ұйқы безінің жұмысына жақсы әсер етеді. Әсіресе, егде жастағы кісілерге ем болады", - деді Мамадалиев.

Қазақстанның Мұсылмандары діни басқармасындағылар иммунитеті әлсіреген адамдарға Ораза ұстамауға кеңес береді. Олардың айтуынша, сырқаттанған адамдар Оразаны кейін ұстаса да болады.

"Қазір карантин, барлығымыз үйде отырмыз, энергия мен күшімізді жұмсап жатқан жоқпыз. Карантин кезінде көп тамақтану кез келген ағзаға зиян келтіреді. Барлығын бақылау керек, шамалап тамақтану керек. Бұл туралы дәрігерлер де айтты, Шариғатта да солай айтылады", - деді Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының басшысы Наурызбай қажы Тағанұлы.