28 сәу, 2020 сағат 18:59

Коронавирус: Пәкістан Үкіметі Қазақстан Елшілігіне дәрі-дәрмек табыстады

Пәкістан Ислам Республикасының Үкіметі Қазақстан Республикасының Исламабадтағы Елшілігіне коронавирус індетін емдеу кезінде пайдаланылатын гидроксихлорохиннің 60 мың таблеткасын табыстады, деп хабарлайды ҚР Сыртқы істер министрлігі.

«Дәрі-дәрмектер жуық арада Нұр-Сұлтан қаласына жеткізіледі және медициналық мекемелер арасында тарату үшін бірыңғай дистрибьютор – «СҚ-Фармация» ЖШС-ға табысталады.

ҚР Сыртқы істер министрлігі бауырлас Пәкістан халқы мен үкіметіне достық ниеті мен ишараты үшін алғыс білдіреді және бұл елдеріміз арасындағы ынтымақтастық рухына сәйкес келеді», - делінген министрлік мәліметінде.

Еске салайық, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанға гуманитарлық көмек ретінде коронавирусқа шалдыққан науқастарды емдеуге арналған дәрі ұсынғаны үшін Пәкістан Үкіметіне және Премьер-министр Имран Ханға алғыс білдірген болатын.