20 ақп, 2021 сағат 06:05

Қазақстанда коронавирустан тағы 10 адам көз жұмды

Қазақстанда коронавирус салдарынан тағы 10 адам қайтыс болған. Оның жетеуі Covid-19 вирусын жұқтырғаны (КВИ+) анықталған, ал үшеуіне ПТР тестімен расталмаған (КВИ-) коронавирус пневмониясы диагнозы қойылған. Бұл туралы 10 ақпан күні денсаулық сақтау министрлігі хабарлады.

Ресми ақпаратта бір күнде коронавируспен 872 науқас тіркелгені, оның 45-іне ПТР тестімен расталмаған коронавирус пневмониясы диагнозы қойылғаны айтылған.

Қазақстан коронавирус науқастарының статистикасын екі бөлек жүргізіп келеді. Қазіргі мәлімет бойынша, елде 21340 науқас емделіп жатыр (13352 –КВИ+, 7988 – КВИ-).

Оның ішінде 4 760 пациент - стационарда, 16 580 науқас амбулаториялық деңгейде ем қабылдауда. 

Коронавирус жұқтырғандар арасында: 

• 249 адамның жағдайы ауыр; 

• 45 пациенттің жағдайы өте ауыр; 

• 40 науқас ӨЖЖ аппаратында жатыр.

Қазақстанда Covid-19 індеті келгелі вирус жұқтырғаны ПТР тестімен расталған науқастар арасында қайтыс болғандар саны 2690 адамға жетіп отыр. Билік бұл статистикаға Covid-19 инфекциясын жұқтырғаны расталған, бірақ "ілеспе аурудан қайтыс болды" деген жүздеген адамды кіргізбеген.

Елде барлығы 206 652 адамның Covid жұқтырғаны расталған. Ал ресми статистикасы былтыр тамыздан бері жүргізіліп келе жатқан КВИ- жұқтырғандар саны 48 932 адамға жетті, оның 608-і қайтыс болған.

Жергілікті сарапшылар Қазақстанда коронавирус статистикасы азайтылып көрсетіледі дейді. Былтыр маусым, шілде айларында ПТР тесті теріс нәтиже көрсеткен, бірақ ауру белгілері коронавирусқа ұқсайтын пневмонияға шалдыққандар күрт көбейген.