02 нау, 2020 сағат 08:35

Коронавирус: Қытай өз азаматтарын шетелден эвакуациялауда

Қытайда коронавирустан емделіп, ауруханадан шығарылған пациенттердің саны 50% асты. Бұл туралы жексенбі күні ҚХР Денсаулық сақтау істері жөніндегі мемлекеттік комитеттің ресми өкілі Ми Фэн брифинг барысында мәлім етті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Ауруханадан сауығып шыққандар үлесі 52,1% жетті. Бұл, коронавирустың алдын алу және індетпен күрес бағытындағы жалпы жағдайдың жақсарып келе жатқандығын көрсетеді», - деп атап өтті Ми Фэн.

Өткен жексенбіде Қытайда Ираннан оралған қытайлық екі азаматтан коронавирус анықталды. Екі науқас Мәскеу арқылы Қытайға ұшып келген. 

Қытайға коронавирусты «әкелудің» тағы бір жағдайы Шэньчжэнде (Оңтүстік Қытай, Гуандун провинциясы) тіркелген. Науқас – Лондоннан Гонконг арқылы ұшып келген 25 жастағы ер адам.

Өзге елдерден коронавирусты «әкелу» қаупіне байланысты Қытай енді шекарадағы бақылауды күшейтіп, келетін жолаушыларға қатысты шектеулер енгізуде. 

«Ел Үкіметі өз азаматтарының денсаулығына қауіп төніп тұрған жағдайда оларды шетелден эвакуациялауға көмек көрсетуге ниетті», - деп мәлімдеді ҚХР СІМ консулдық қызмет департаментінің басшысы Цуй Айминь.

Қытайлық дипломат 10 азаматтық рейс ұйымдастырылғанын және бүгінде 1,3 мыңнан астам қытайлық азамат ҚХР-ға жеткізілгенін атап өтті. 

Соңғы мәліметтер бойынша, ҚХР-да коронавирус жұқтырудың расталған жағдайларының жалпы саны – 80 026, 2912 адам көз жұмды, 44 462 адам ауруханадан емделіп шықты. Науқастармен байланыста болған 46 219 адам медициналық бақылауда.