ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев коронавируспен күрес жұмысын үйлестіретін Шұғыл әрекет ету орталығына барды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Коронавируспен күрес жұмысын үйлестіретін Шұғыл әрекет ету орталығына бардым. Қысқа мерзімде құрылған Орталық қалыптасқан жағдайға мониторинг жасап, науқастарды анықтау және есепке алу үшін озық технологияны қолданады», - деп жазды Мемлекет басшысы Twitter-де.
Президент атап өткендей, орталықтың негізгі міндеттерінің бірі – халыққа шынайы ақпарат беру.
«Жекелеген БАҚ пен әлеуметтік желіде жалған мәліметтер таралып жатқан кезде бұл өте маңызды. Коронавирусқа қатысты барлық ресми ақпарат http://coronavirus2020.kz сайтында», - деп жазды Қ.Тоқаев.
Бүгін Алматы облысында коронавирус індетін жұқтырудың алғашқы жағдайы анықталды. 21 наурыз сағат 12.00-дегі жағдай бойынша, Нұр-Сұлтан қаласында - 28 адам, Алматы қаласында – 22 адам, Қарағанды қаласында - 2, Алматы облысында - 1 адам, жалпы 53 науқас тіркелді.