01 қаз, 2020 сағат 09:53

Коронавирус: Халықаралық әуе рейстерінде қосымша талаптар енгізіледі

Көліктегі мемлекеттік бас санитарлық дәрігер Сәдуақас Байғабылов 2 санаттағы елдерден Қазақстанға халықаралық әуе рейстерімен келетін қазақстандықтар мен шетелдіктер үшін қазанның бірінші онкүндігінде COVID-19 бойынша жаңа талаптарды енгізуге қатысты түсінік берді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Қазіргі кезде көліктегі санитарлық-эпидемиологиялық қызмет мамандары әуе компаниялары мен әуежайлардың өкілдерімен бірлесе екінші санаттағы (21 мемлекет) елдерден қазан айынан бастап әуе рейстерімен Қазақстанға келетін адамдар үшін қосымша талаптарды енгізу жағдайындағы жұмысты ұйымдастыру мәселесін пысықтап жатыр», - деді Сәдуақас Байғабылов.

Әуе компаниялары Қазақстанға билет сатып алатын жолаушыларды COVID-19-ға қатысты қосымша талаптар туралы хабардар етеді.

Осы орайда шетел азаматтарында мемлекеттік шекарадан өту кезінде үш күннен аспайтын мерзімдегі COVID-19-ға теріс нәтиже туралы анықтама болуы керек. Бұл талап ескерілмесе, олар сапарлайтын әуежайдан ұшақ бортына қабылданбайды.

Ал Қазақстан азаматтарында анықтама болмаса, онда олар келген бойда борттан ПТР анализ тапсыру үшін екі күндік карантинге стационарға орналастырылады.

Өңірлерде осы мақсаттарға арналған тиісті стационарлар дайындалды.

Аталған жаңашылдықтарды енгізу датасы жайында қасымша ақпарат таратылатын болады.