29 қаң, 2021 сағат 13:56

Қазақстандықтарды вакцинациялауға қатысты қаулы шықты

Денсаулық сақтау вице-министрі – бас мемлекеттік санитар дәрігер Ерлан Қиясов жаңа қаулыға қол қойды. Онда халықты коронавирустық инфекцияға қарсы вакцинациялаудың әдістемелік ұсыныстары көрсетілген, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Қаулыға сәйкес, КВИ-ға қарсы вакцина алдымен инфекцияны жұқтыру қаупі жоғары адамдарға салынады. Құжатта осы санаттағы мамандардың тізімі көрсетілген. Сол кезек бойынша барлығы екпе алады. Олар:

  1. медицина қызметкерлері, ең алдымен, инфекциялық ауруханалар, жедел жәрдем, реанимация бөлімшелері, науқастарды қабылдау бөлмесі, алғашқы медициналық-санитарлық көмек қызметінің медицина қызметкерлері, санитарлық-эпидемиологиялық қызмет жұмысшылары;
  2. педагогтар;
  3. учаскелік полицейлер;
  4. студенттер;
  5. медициналық-әлеуметтік және жабық балалар мекемелеренің ұжымдары;
  6. төтенше жағдайлар, қорғаныс пен ішкі істер министрліктері, ұлттық қауіпсіздік комитеті, Қазақстан Республикасының мемлекеттік күзет қызметі;
  7. ҚР Президентінің іс басқармасы, мемлекеттік қызметшілер, Қазақстанда тіркелген дипломатиялық және консулдық мекемелерінде жұмыс істейтін Қазақстан азаматтары, ұлттық құрама командаларының мүшелері;
  8. созылмалы ауруы бар адамдар (қант диабеті, өкпенің обструктивті ауруы, жүрек-қан тамыр жүйесі).

Вакцина кімге салынбайды?

  • КВИ-дің ауыр және симптомсыз формасымен ауыратындар;

  • инфекциялық ауруларға, соның ішінде КВИ-ге шалдыққан адамдармен қарым-қатынаста болғандар (Оларға вакцина карантин мерзімі аяқталған соң салынады).

Айта кеткен жөн, бұған дейін денсаулық сақтау министрлігі вакцина салынбайтын адамдардың тізімін жариялаған болатын. Оны мына жерден көруге болады.

Вакцинацияның алдында антиденелерді анықтауға арналған скрининг пен ПТР-тест жасалмайды. Ал коронавирустың кез келген формасымен ауырып шыққандарға тек алты айдан кейін ғана екпе алуға кеңес беріліп отыр.

Екпе салынатын әрбір медициналық пункте күніне 60 вакцинация ғана жасалады. Ал үйге барып, вакцина салатын медицина қызметкерлері бір күнде 40 екпе жасайды.

Жаппай вакцинация

Қазақстанда биыл 1 ақпанда жаппай вакцинациялау басталады. Инфекцияны жұқтыру және тарату қаупі жоғары халықтың осал топтарына кезең-кезеңмен ресейлік "Спутник V" вакцинасы егіледі. Вакцинациялау ерікті түрде және тегін салынады.

Айта кететін жайт, "Спутник V" 18 жасқа дейінгі балаларға салынбайды. Яғни, екпе Қазақстанның кәмелет жасына толған азаматтарына ғана салынады.

Денсаулық сақтау министрлігі жыл соңына дейін 6 миллион қазақстандыққа вакцина салуды жоспарлап отыр.

Ал 2021 жылдың наурыз айында COVID-19-ға қарсы қазақстандық вакцинамен жаппай егу басталады.

Қазір QazCovid-in вакцинасын клиникалық сынақтан өткізудің соңғы ІІІ сатысы өтіп жатыр. Оның аясында вакцина 3 мың еріктіге егілді.