18 қаң, 2022 сағат 19:19

Коронавирус: Қазақстанда қандай шектеу шаралары енгізілді?


Қазақстанда коронавирустың өршуіне байланысты қосымша шектеу шаралары енгізілді. Бұл туралы ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Бір ғана Нұр-Сұлтан қаласы бойынша стационарларда ем алатын адамдардың саны 200 адамнан 1000-ға дейін, яғни 5 есеге өскен. Бұл жағдай Денсаулық сақтау жүйесіне үлкен жүктеме артып отыр. Осыған байланысты ведомствоаралық комиссия қосымша шектеу шараларын қабылдады», - деді Тоғжанов Орталық коммуникациялар қызметінде.

Спикердің айтуынша, вакциналау мәртебесіне қарамастан, шетелден келгендердің барлығында теріс ПТР тестінің болуы міндеттелді. 

Ashyq бағдарламасы бойынша «жасыл» мәртебе болғанда ғана жұмыс істеуге рұқсат етілген объектілер тізбесі кеңейтілді. 

«Өңірлердегі эпидемиологиялық ахуалға байланысты оқушыларды, студенттерді оқытуға дифференциалды тәсіл қолданылады. Халық көп жиналатын орындарға қосымша шектеулер енгізілді. Бұл мәжбүрлі шаралар, ең алдымен, азаматтарымызды қорғауға бағытталған», - деп түсіндірді Тоғжанов.