18 қаң, 2022 сағат 18:07

Коронавирус қай өңірлерде өршіп тұр?


ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов коронавирус инфекциясы қай өңірлерде өршіп тұрғанын баяндады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Түркістан облысын қоспағанда, еліміздің барлық өңірі қызыл аймаққа енді. Аурушаңдық деңгейі бойынша Нұр-Сұлтан, Алматы қалалары, Қарағанды және Атырау облыстары көш бастап тұр. Желтоқсан айының соңында стационарларда 3 мыңнан аз адам ем алса, бүгінде науқастар саны 7 мыңнан асты. Емханалар деңгейінде емделетін науқастар саны да 4,8 есе артты», - деді Тоғжанов Орталық коммуникациялар қызметінде. 

Бір ғана Нұр-Сұлтан қаласы бойынша стационарларда ем алатын адамдардың саны 200 адамнан 1000-ға дейін, яғни 5 есе өскен. Бұл жағдай Денсаулық сақтау жүйесіне үлкен жүктеме артып отыр. 

Осыған байланысты ведомствоаралық комиссия қосымша шектеу шараларын қабылдады. 

«Яғни вакциналау мәртебесіне қарамастан, шетелден келгендердің барлығында теріс ПТР тестінің болуы міндеттелді. Ashyq бағдарламасы бойынша «жасыл» мәртебе болғанда ғана жұмыс істеуге рұқсат етілген объектілер тізбесі кеңейтілді. Өңірлердегі эпидемиологиялық ахуалға байланысты оқушыларды, студенттерді оқытуға дифференциалды тәсіл қолданылады. Халық көп жиналатын орындарға қосымша шектеулер енгізілді. Бұл мәжбүрлі шаралар, ең алдымен, азаматтарымызды қорғауға бағытталған», - деп түсіндірді Тоғжанов.