03 нау, 2020 сағат 19:38

Коронавирус қаупі: Франция мен Италия бағаны реттеуге ниетті

Францияның қаржы министрі Бруно Ле Мэр коронавируске байланысты су-спирттік гельдер немесе медициналық маскалар бағаларының жасанды көтерілуін тергеуді бастауды тапсырды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Мені онлайн сатылымдардың кейбір дүкендерінде қолды тазартқыш құралының бағасы екі-үш есеге өскені туралы хабардар етті. Коронавирусқа байланысты алыпсатарлыққа жол берілмейді», - деп жазды Ле Мэр Twitter-де.

«Сондықтан мен Бәсекелестік, тұтыну және алаяқтықпен күрес мәселелері жөніндегі бас дирекциядан су-спирттік гельдер мен маскалардың бағасына қатысты тергеуді бастауын сұрадым», - деді ол.

Француз министрі «егер мұндай алыпсатарлық көп орын алса, аталған гельдер мен маскалардың бағасын реттеу туралы дайын қаулының жобасы бар» екенін атап өтті.

Сондай-ақ Италия үкіметі де кейбір медициналық тауарлар бағасының көтерілуіне қарсы шара қолдануға ниетті екенін мәлімдеді.

Сонымен қатар Италияның Монополияға қарсы басқармасы электронды коммерциялық платформалардан дезинфекциялық құралдар мен медициналық маскаларды қымбат бағамен Интернет арқылы сатуды тоқтату үшін шаралар қолдануды талап етті.