18 нау, 2020 сағат 16:42

Коронавирус: Дезинфекция жұмыстарына ҚР Қарулы Күштері жұмылдырылды

Қазақстанда төтенше жағдайдың жариялануына байланысты ҚР Қарулы Күштерінің биологиялық қорғау бөлімшелері нысандарға дезинфекция жүргізуде. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«ҚР Қарулы күштерінің жеке құрамы төтенше жағдайды қамтамасыз етуге белсенді қатысуда. Мемлекет басшысы азаматтардың денсаулығын қорғау және заңды құқықтарын сақтау туралы тапсырма берді. Алдын ала әзірлік қажетті күштер мен құралдарды мобилизациялауға және дайындық күйіне келтіруге мүмкіндік берді. Коронавирус инфекциясының таралу қаупінің алдын алу үшін қарулы күштердің биологиялық қорғау бөлімшесі арнайы техниканы қолдана отырып территориялар мен нысандарға дезинфекция жасауға кірісті», - дейді ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары Тимур Дәндібаев.

Ол әскери медициналық мекемелер азаматтардың денсаулығын қорғау үшін қажетті көмек көрсетуге дайын екенін айтты.

«Бұл үшін дәрігерлік 24 топ құрылды. ҚР Денсаулық сақтау министрлігімен байланыс орнатылды. Әскери қызметшілер ішкі істер органдарымен бірлесіп елді мекендер мен Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларындағы карантинді аумақтарда блок-посттарды күзетуде. Бұл шаралар коронавирустың елімізде таралуының алдын алады. Қарулы Күштер қолданатын шараларға түсіністікпен қарауға шақырамыз», - дейді ол.