08 мам, 2021 сағат 11:10

Коронавирус дерегі: Қазақстанда тағы 2,6 мыңға жуық науқас тіркелді


Өткен тәулікте Қазақстанда коронавирус жұқтырғаны зертханада расталған 2 587 науқас тіркелді. Алдыңғы күндер тәрізді мұнда да ауырғандар саны жөнінен елдің ең ірі екі қаласы Алматы мен Нұр-Сұлтан көш бастап тұр. Алматыда бір тәулікте 646 адам, ал Нұр-Сұлтанда 477 адам Covid жұқтырған. Аймақтар арасында Қарағандыда науқас көп. Мұнда жұма күні коронавируспен 246 кісі тіркелді. Ел бойынша бір тәулікте 2 333 адам дертінен жазылып шықты.

Сөйтіп, Қазақстанда ресми статистика бойынша коронавирус инфекциясын жұқтырғандар саны 340 239 адамға жетті. Былтырғы 1 тамыздан бері бөлек саналып жатқан "ковидтектес пневмониямен" тағы 53 519 адам ауырған.

6 мамырда "ковидтектес пневмониямен" 119 адам тіркелді. Денсаулық сақтау министрлігі мұндай науқастардың дерегін бір күн кешіктіріп жариялайды.

Былтыр жазда Қазақстанда Covid-19 жұқтырғаны расталмаса да, түсініксіз өкпе ауруына шалдыққандар көбейіп, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ел үкіметін бұл науқастарды да санаққа алуға шақырған. Содан бері ПТР-тесті теріс болып шықса да, клиникалық белгілері негізінде "ковидтектес пневмония" диагнозы қойылған адамдар дерегі жиналады, бұл халықаралық ақпарат базаларының көбінде көрсетілмейді.

Бейсенбі, 6 мамырда коронавирус салдарынан 31 адам көз жұмды, ал оған ұқсас пневмониядан қайтыс болғандар тіркелмеген. Ресми мәлімет бойынша, індет басталғалы бері елде коронавирустан 3 889 адам, оған ұқсас пневмониядан 829 адам көз жұмған.

8 мамырдағы мәлімет бойынша, Қазақстанда қазір 42 695 адам коронавирус инфекциясынан және "ковидтектес пневмониядан" емделіп жатыр, соның ішінде 14 656 пациент стационарға жатқызылған. 803 адамның жағдайы ауыр, 174 кісінің ахуалы өте ауыр, 106 науқас өкпе желдету аппаратына қосылған.

Денсаулық сақтау министрлігінің хабарлауынша, елде коронавирус вакцинасының бірінші дозасын 1,66 миллион адам салдырған. Қазақстанда Ресейде әзірленіп, Қарағандыда өндіріліп жатқан "Спутник V", қазақстандық QazVac және Қытайдың Sinopharm компаниясының БАӘ-де әзірленген вакцинасы пайдаланылады.


Коронавирус жұқтырғандардың аймақ бойынша толық дерегі:


Нұр-Сұлтан қаласы - 477
Алматы қаласы - 646
Шымкент қаласы - 115
Ақмола облысы - 135
Ақтөбе облысы - 89
Алматы облысы - 186
Атырау облысы - 82
Шығыс Қазақстан облысы - 94
Жамбыл облысы - 65
Батыс Қазақстан облысы - 142
Қарағанды облысы - 246
Қостанай облысы - 24
Қызылорда облысы - 33
Маңғыстау облысы - 57
Павлодар облысы - 127
Солтүстік Қазақстан облысы - 32
Түркістан облысы - 37
Жалпы ел бойынша ауырғандар саны 340239.