07 мам, 2021 сағат 11:30

Коронавирус дерегі: Қазақстанда 3 мыңға жуық науқас тіркелді


Өткен тәулікте Қазақстанда коронавирус инфекциясы ПТР-тестімен расталған 2 840 жаңа науқас тіркелді. Ауру жұқтырғандардың тәуліктік көрсеткіші бойынша Алматы мен Нұр-Сұлтан қалалары алда келеді: Бейсенбіде Алматыда — 689, ал астанада 586 жаңа науқас тіркеуге алынған. Аймақтар арасында Қарағанды облысы бірінші орында тұр, мұнда бір тәулікте Covid-пен 250 адам есепке алынды.

Қазақстан денсаулық сақтау министрлігінің хабарлауынша, 5 мамырда елде "Covid-тектес пневмониямен" 101 адам тіркелген. Бұл — ПТР-тесті теріс нәтиже көрсетсе де, клиникалық белгілері бойынша коронавирус қатарына жатқызылған науқастар.

Мұндай ауруларды министрлік өткен жылдың жазынан бастап бөлек санап келеді. Яғни, тамыздан бері елде "ковидке ұқсас пневмониямен" 53 400 адам тіркеліп, оның 829-ы көз жұмған.

Денсаулық сақтау министрлігі статистикада "ковидке ұқсас пневмония" мен зертханада расталған Covid мәліметтерін қоспай, бөлек есептейді. Оның үстіне тәулік ішінде тіркелген науқастарды араға тәулік салып, бөлек жариялайды.

Бейсенбіде елде Covid-тен 25 адам, "пневмониядан" — 6 адам қайтыс болды.

Ресми дерек бойынша, былтырғы наурыздан бері Covid дерті ПТР-мен расталған 337 652 адам тіркелген, 3 858 адам қайтыс болған.

7 мамырдағы мәлімет бойынша, 42 436 адам коронавирус инфекциясынан (41 965 КВИ+ және 471 КВИ-) емделіп жатыр.

Олардың ішінде 14 551 пациент стационарда, 27 885 науқас амбулаториялық деңгейде ем қабылдауда. 

КВИ+, КВИ- шалдыққандардың арасында:
• 782 адамның жағдайы ауыр,
• 188 пациенттің жағдайы өте ауыр,
• 115 науқас жасанды тыныс алу аппаратында аппаратында жатыр.


Денсаулық сақтау министрлігінің хабарлауынша, 7 мамырдағы жағдай бойынша, Қазақстанда коронавирус вакцинасының алғашқы дозасын 1,63 миллион адам, екінші компонентін 523 мыңдай адам алған. Елде қазір үш түрлі вакцина салынып жатыр. Олар – Ресейде әзірленіп, Қазақстанда өндіріліп жатқан "Спутник V", Қазақстанның өзі әзірлеген QazVac және Қытайдың Sinopharm компаниясы әзірлеп, Біріккен Араб Әмірліктерінде шығарылған Науat Vax екпесі.

Америкадағы Джонс Хопкинс университетінің соңғы дерегі бойынша, әлемде коронавирус дертін жұқтырғандар саны 156 миллионға жеткен, бұл аурудан 3,2 миллион кісі көз жұмған.