26 сәу, 2020 сағат 11:30

Коронавирус барын жоққа шығаратын Тәжікстан оқушыларды демалысқа жіберді

Ресми мәлімет бойынша, коронавирус табылмаған Тәжікстанда мектептер екі аптаға жабылып, қоғамдық шараларға тыйым салынды, астық экспорты тоқтатылды. Билік мұны "профилактикалық шаралар" деп түсіндірді. 

"Қоғам денсаулығы және халықтың қауіпсіздігін қорғау мақсатында, әсіресе мектепке дейінгі, орта білім және кәсіптік білім беру ұйымдарындағы балалар мен жасөспірімдерді қорғау үшін 2020 жылдың 27 сәуір мен 10 мамыр аралығында уақытша демалыс жарияланды" делінген билік хабарламасында. 

Білім министрлігінің тапсырмасы бойынша, университеттер ашық болады. 

Үкіметтің айтуынша, елдің азық-түлік қауіпсіздігін нығайту мақсатында астық және бұршақ экспорты тоқтатылған. 

Тәжікстан былтыр желтоқсан айында коронавирус тараған Қытаймен шекаралас. Небәрі бірнеше айдың ішінде Қытайдың Ухань қаласынан тараған вирус әлемге жайылып, індетке айналды. Соңғы мәлімет бойынша, коронавирус жұқтырғандар саны 2,8 млн адамға жеткен. 200 мыңнан астам адам қайтыс болған. 830 мыңнан астам адам жазылған.

Ал Тәжікстанда ресми түрде коронавирус табылмаған. Қоғамда билік инфекцияның барын жасырады деп есептейтіндер де бар. Кейбір сарапшылардың пікірінше, коронавирустың табылмауы вирусты анықтауға шамасы жетпейтін денсаулық сақтау жүйесінің қауқарсыздығын да көрсетуі мүмкін.

Азаттық