28 жел, 2021 сағат 12:06

Коронавирус аясында балаларда Кавасаки синдромы пайда болуы мүмкін – дәрігер


Пандемияны тоқтатудың және жаңа омикрон штамынан қорғанудың жалғыз жолы - ревакцинация. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз мәслихатында «Жас қанат» орталығы бас дәрігерінің орынбасары Қарлығаш Бейсбаева мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Оның айтуынша, бүгінде Алматыда ревакцинациядан 55 192 тұрғын өтті. 

Үшінші вакцинацияға ақпан мен наурыз айларында алғашқылардың бірі болып егілгендер келеді. 

Қарлығаш Бейсбаева ревакцинация – медицинадағы қарапайым норма екенін тілге тиек етті. 

«Бұл - вакциналанудан кейін алынған иммунитетті сақтауға бағытталған қайта егу. Процедура үдеткіш инъекция деп те аталады, яғни «күшейту». Алты ай өткеннен кейін вакциналанудың толық курсын алған адамдарға бір мәрті бір доза егіледі», - деп түсіндірді «Жас қанат» АМСК орталығы басшысының орынбасары. 

Үшінші вакцинациядан кейін адам ағзасы бактериямен немесе вируспен бірнеше рет соқтығысқан кезде онымен қалай күресу керектігін «білетін» нақты антиденелер шығарады. 

Мегаполис клиникаларында бар препараттармен қайта вакциналануға болады. Олардың барлығы өз тиімділігін көрсетті. 

Созылмалы аурулары бар адамдарға ревакцинацияға асығу өте маңызды, оларда коронавирус жұқтырған кезде асқынулар жиі кездеседі. 

Қарлығаш Бейсбаева «омикрон» әлемде өте тез таралатынын мойындады, сондықтан дәрігерлердің ұсыныстарына құлақ асып, ревакцинация қажеттігін еске салады. 

Жасөспірімдер мен жүкті әйелдерге вакцинация жасау өте маңызды. 

Бүгінде Comirnaty компаниясының препаратымен Алматының 28 173 тұрғыны егілді, оның ішінде 1 540 жүкті әйел, 5 612 бала емізетін ана және 21 021 жасөспірім. 

«Жасөспірімдер – гормоналды өзгерістері бар балалардың ерекше тобы. Жас балалардан айырмашылығы, оларда ауру қаупі жоғары, сонымен қатар олар - әлеуметтік белсенді және инфекцияның қоздырғышы. Айта кетсек, коронавирус аясында балаларда ішкі мүшелерге әсер ететін Кавасаки көпжүйелі қабыну синдромы пайда болуы мүмкін, осыған байланысты біз ата-аналармен әңгімелесіп, 12 жастан 18 жасқа дейінгі жасөспірімдерді Pfizer компаниясы шығарған вакцинаны алуға шақырамыз», - деді дәрігер. 

Спикер Жаңа жыл мерекесін үйде өткізуге кеңес берді.