26 сәу, 2021 сағат 09:52

Коронавирус: Алматыда төсек-орынның 65% толған


Алматыда коронавирус жұқтырған 4044 науқас ем қабылдап жатыр. Бұл туралы қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасынан мәлім етті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

26 сәуір күнгі ақпарат бойынша, бір тәулікте қалада 693 адам коронавирус жұқтырған. Мұның ішінде симптомды, жеңіл және орташа деңгейдегі белгілермен - 600, симптомсыз – 93 науқас тіркелді. 

«Инфекциялық стационарларда 4044 адам бар (төсек-орынның жалпы саны - 6 060), оның ішінде 114 бала емделуде», – деп нақтылады Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметінен. 

Сондай-ақ, реанимация және қарқынды терапия бөлімінде 267 адам жатыр. Ал 37 науқас жасанды тыныс алу аппаратына қосылған. Инвазивті емес жасанды тыныс алу аппаратында 90 адам ем қабылдауды жалғастыруда. 

Медициналық-санитариялық алғашқы көмек мобильді бригадаларының және Телемедицина орталығының амбулаториялық бақылауында 5 911 пациент бар. Оның ішінде 5250 адамда індет белгілері бар, олар орташа ауыр жағдайда. 661 адамда коронавирус белгілері жоқ.