Алматы қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Камалжан Надыров коронавирус инфекциясы өршіген жағдайда ауруханалар бір тәулікте қанша науқасты қабылдай алатынын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Оның айтуынша, стационарлық 6 мың төсек-орнына тәулігіне 350 адамнан артық жатқызу – денсаулық сақтау жүйесінің коллапсына алып келуі мүмкін.
«Біз математикалық есеп жүргіздік. Стационарлық орталықтардың жүктемесіне бірнеше фактор ықпал етеді. Оған – жұқтырулар саны, түскен науқас саны, науқастардың ауырлық дәрежесі, олардың төсек-орында жату уақыты жатады. Сәуір-мамыр айларында тәулігіне орта есеппен 100 пациент түссе, індеттің шарықтау шегінде 300-500 адамға дейін жатқызылды. Бұл көрсеткіш медициналық мекемелерімізге үлкен ауырлық тудыратыны анықталды. Сондықтан, пациенттер ағынын реттеудің қажеттілігін түсіндік. Тәулігіне 500 адам – Алматы денсаулық сақтау жүйесі үшін критикалық нүкте екені анықталды. Бұл көрсеткіштен асқан жағдайда, уақытында шараларды қолға алмаған жағдайда қалада медициналық коллапс басталуы ықтимал. Себебі, орын саны шектеулі», - деді Камалжан Надыров.
Басқарма басшысы осы бағытта төсек-орын қорын тиімді пайдалану қолға алынатынын айтты.
«Медицинада орын қорының айналымы деген болады. Стационарларда бір айда бір орында 3 пациент жатып шығуы тиіс. Бұл төсек-орындарды тиімді пайдаландық деген сөз. Сондықтан, критикалық нүктені асып кету – біздің денсаулық сақтау жүйесі үшін өте тиімсіз. Біз тәулігіне 350 пациент деген шекті көрсеткішті ұстап тұруымыз керек», - деді ол.
Айта кету керек, пандемияның шарықтау шегі болған шілде айында Алматы медициналық мекемелерінде орын тапшылығы туындады.