Өзбекстандағы фармацевтикалық кәсіпорында QAZCOVID-IN қазақстандық вакцинасын шығару мүмкіндігін қарастыру ұсынылды. Мұндай ұсынысты Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой Ташкентте әріптесі Абдухаким Хаджибаевпен кездесуде жасады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Қазақстан Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов бастаған ресми делегация Өзбекстан Республикасына барғанын бұған дейін жазған болатынбыз.
Іссапар барысында тараптар фармацевтика саласындағы ынтымақтастықты талқылады, бірқатар кездесу мен келіссөз өткізді, сондай-ақ Ташкент қаласындағы медициналық нысандардың жұмысымен танысты.
Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой Өзбекстан Республикасының Денсаулық сақтау министрі Абдухаким Хаджибаевпен келіссөздер барысында Өзбекстандағы фармацевтикалық кәсіпорында отандық QAZCOVID-IN вакцинасын шығару мүмкіндігін қарастыруды ұсынды.
«Біз эпидемияға қарсы күресте серіктестікті жандандыруды, жедел жағдайда өзара тиімді іс-қимыл жасауды, сондай-ақ қазіргі эпидемиологиялық ахуал және оны тұрақтандыру бойынша жүргізіліп жатқан шараларға қатысты ақпарат алмасуды жолға қоюды ұсынамыз», - деді А.Цой.
Сонымен қатар, Алексей Цой денсаулық сақтаудың перспективалы салаларында, оның ішінде цифрлық технологиялар мен зияткерлік жүйе, медициналық білім беру мен ғылым, фармация, мемлекеттік-жекешелік әріптестік және басқа да ынтымақтастықты нығайту, Қазақстан мен Өзбекстанның Денсаулық сақтау министрліктері арасындағы денсаулық сақтау мәселелері жөнінде бірлесіп келісім әзірлеу қажеттігін айтты.
«Іссапардың алғашқы күні үкіметтік делегация мүшелері академик А.Вахидов атындағы республикалық мамандандырылған ғылыми-практикалық медициналық орталыққа барды. Мұнда жүрек және қан тамырлары, асқазан-ішек жолдары, бауыр және ұйқы безі, өкпе және медиастиналық органдар аурулары бар науқастарға жоғары білікті жалпы және мамандандырылған хирургиялық көмек көрсетіледі», - деді ҚР Денсаулық сақтау министрлігінен.
Сондай-ақ, олар 2020 жылы пандемиямен күресу үшін салынған Зангиотин ауданындағы №1 және №2 мамандандырылған жұқпалы аурулар ауруханаларының қызметімен танысты. Нысан бір уақытта 10 мың адам қабылдайды және COVID-19 шалдыққан науқастарды емдеуге, карантинге мұқтаж шетелден оралған Өзбекстан азаматтарын орналастыруға арналған. Сонымен қатар, делегация «Dentafill» ЖШҚ фармацевтикалық зауытын аралады.
Айта кетейік, 2020 жылғы қарашада Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы ынтымақтастықты дамыту жөніндегі Жол картасы қабылданды. Оған фармацевтика өнеркәсібі саласындағы өнеркәсіптік кооперация мәселелері енгізілді. Атап айтқанда: Шымкент қаласында 2020-2022 жылдары дәрілік және гигиеналық құралдар өндіретін зауыт салу; 2021 жылы Өзбекстан аумағында фармацевтикалық өнім шығаратын бірлескен кәсіпорындар құру.