05 нау, 2020 сағат 15:15

Коронавирус: 8 наурыздан бастап 1-ші санаттағы елдердің азаматтары Қазақстанға кіре алмайды

ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Берік Қамалиев Қазақстанға келетін жолаушылардың тасымалын шектеу бойынша жаңа шаралардың енгізілетінін мәлім етті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Осыған дейін хабарлағанымыздай, Қазақстан мен Қытай арасындағы барлық тұрақты рейс 2020 жылдың 3 ақпанынан бастап тоқтатылған еді. Махан-Эйр әуе компаниясының Алматы – Тегеран бағдары бойынша рейстері тоқтатылды. Алматы - Баку және Ақтау – Баку бағдары бойынша Әзербайжанмен арада аптасына 15 рейс бар болатын. Біз Алматы – Баку рейсін 5-тен 1 рейске дейін, ал Ақтау – Баку рейстерін 7-ден 1-ге дейін қысқарттық», - деді Берік Қамалиев ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында.

Вице-министр бұл шешімді Үкімет жанындағы ведомствоаралық комиссия қабылдағанын еске салды.

«1 наурыздан бастап біз Нұр-Сұлтан мен Сеул арасындағы әуе рейстерін 9-дан 3-ке дейін азайттық. Бұл рейстерді «Эйр Астана» мен оңтүстіккореялық «Asiana» әуе компаниясы орындап келген. Комиссия сонымен бірге 8 наурыздан бастап Оңтүстік Кореяның азаматтары мен 1 санаттағы елдер азаматтарының елге кіруін шектеу туралы шешім қабылдады. Осыған байланысты Сеул - Алматы және Сеул - Нұр-Сұлтан бағдары бойынша сапарға жауапты әуе компаниялардың бәріне бүгін радиограмма жібердік», - деді вице-министр.

Сонымен қатар, 8 наурыздан бастап транзиттік жолаушылардың кіруіне де шектеу енгізілетінін мәлім етті.

«Біздің кейбір азамат үшінші ел арқылы елге келеді. Үшінші ел арқылы басқа елдерден келетін транзиттік жолаушылар да бар. Сол себепті біз басқа әуе компанияларын ескертіп, 1 санатқа кіретін елдердің азаматтары Қазақстанға 8 наурыздан бастап кіре алмайтынын ескертіп жатырмыз», - деді Берік Қамалиев.