ҚР Қорғаныс министрлігі Кадр департаментінің бұрынғы бастығы генерал-майор Қайрат Көпбаев пара алғаны үшін сотталды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Telegram-аккаунтында жарияланған ақпаратқа сәйкес, генерал-майорға қатысты қылмыстық істі тергеу аяқталды.
«2019 жылдың мамыр айында Көпбаевтың Ақтөбе қаласындағы «Т.Бигелдинов атындағы Әуе қорғанысы күштерінің Әскери институты» РММ-ға офицерлік лауазымға тағайындағаны үшін 200 мың теңге сомасында пара алғаны анықталды. Ақмола гарнизоны Әскери сотының үкімімен Көпбаев мемлекеттік қызметте өмір бойына лауазым атқару құқығынан және 5 жылға бас бостандығынан айырылды», - делінген ведомство мәліметінде.
Сонымен бірге, сот Қазақстан Республикасы Президентінің атына Көпбаевты генерал-майор әскери атағынан және «Құрмет» орденінен айыру туралы ұсыныс енгізген.
Қорғаныс министрлігінің генерал-майоры пара алды деген күдікпен ұсталғанын Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі осы жылдың 4 ақпанында жариялаған еді.
Кейіннен оған қатысты 2 ай мерзімге үйқамақта ұстау бұлтартпау шарасы қолданылған болатын.