01 нау, 2022 сағат 18:30

Қорғаныс министрлігі елдегі әскери техника қозғалысына түсінік берді


Қорғаныс министрлігі әскери техниканың әскерлердің жауынгерлік даярлық шеңберіндегі қозғалысына түсінік берді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

"Қазақстанның Қарулы күштерінде жеке құрамның орнын ауыстыруға, оқытуға, жаттықтыруға байланысты әскерлердің жауынгерлік әзірлігі мен жауынгерлік даярлығын арттыру шаралары жоспарлы түрде өткізіледі.

Осы күндері Қорғаныс министрлігі Әскери колледжінің оқушыларына практикалық сабақтар өткізу үшін Семей гарнизонынан Щучинск қаласына әскери техника жөнелтілді" - дейді министрлік өкілдері.

Сондай-ақ, 25 ақпан мен 3 наурыз аралығында Қарағандыдан Гвардейск гарнизонына, сондай-ақ Алматыдан Ақтау гарнизонына әскери техника жіберілген.

"1-4 наурыз аралығында Шымкенттен Таразға, Түркістанға, «Айша-бибі» полигонына және кері бағытта Қарулы күштерге тиесілі техникалардың қозғалысы жоспарланып отыр. 

Аталған кезеңде жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін әскери техникаларды темір жол көлігімен Батыс Қазақстаннан елдің оңтүстік бөлігіне жоспарлы түрде жеткізу іске асырылу үстінде" - делінген ресми хабарламада.