15 қар, 2023 сағат 14:10

Қорғаныс министрі ұлын әскерге жіберуге уәде берді

Фото: gov.kz

Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов Мәжіліс отырысынан шыққан соң журналистердің сұрағына жауап беріп, ұлын әскерге жіберуге дайын екенін мәлімдеді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

"Қазір оның жасы 20-да. Әзірге студент. Оқу орнын тәмамдаған соң, әскерге өзім қолынан жетектеп апарамын. Отан алдындағы борышын өтеу – оның қасиетті міндеті.

Ал қай бағытты таңдайтынын өзі көреді. Арнайы мамандандырылған бөлімшелер немесе барлау қызметіне бейімі бар секілді", - деді Жақсылықов Мәжіліс кулуарында.

Айта кетейік, бүгін Мәжіліс резервтегі қызмет туралы заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Қорғаныс министрлігі резервтегі қызметті 2025 жылы құруды жоспарлап отыр. Алғашқы кезеңде 2 мыңға жуық резервисті шақыру жоспарланған.

Резервистермен келісімшарт ерікті түрде үш жылға жасалады. Даярлық бір жылда екі айдан аспайды. Жиын 30 күн, сабақ ай сайын екі-үш күн болады. Резервтегі қызметке шақырылғандарға ай сайын ең төменгі жалақы, ал жиын кезінде орташа жалақы төленеді.

видео: halyquni.media / Instagram