Корея Қазақстанмен визалық талаптардан бас тарту туралы келісімді жалғастырмауы мүмкін. Бұл туралы бүгін ҚР Сыртқы істер министрлігі Консулдық қызмет департаментінің директоры Ардақ Мәдиев мәлімдеді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" ҚазАқпарат агенттігіне сілтеме жасап.
«Соңғы уақытта біздің азаматтардың Корея Республикасына сапарлауында үлкен қиындықтар туындап жатыр. Бар мәселе - Қазақстаннан Кореяға заңсыз жұмыс күшін жеткізетін арналардың ұйымдастырылуы», - деді Ардақ Мәдиев.
Атап өткен жөн, Қазақстанмен Корея арасындағы визасыз режим арқылы Кореяға жұмысқа тұруға, оқуға баруға,тұрақты мекендеуге және миссионерлік мақсатпен баруға болмайды. Осыған қарамастан, Қазақстанның көптеген азаматтары Кореяға визасыз режиммен барып, жұмысқа орналасып, тұрақтап қалғысы келеді және Кореяда Қазақстаннан келген заңсыз мигранттар саны күрт өскен. Сол себепті, Корея Республикасының көші-қон органдары Қазақстан азаматтарына қатысты тексеруді күшейткен.
«Өкінішке орай, визасыз режим туралы келісімге қол қойылған соң, ҚР азаматтарына Корея аумағына кіруге рұқсат бермеу жағдайлары жиілеп кетті. Бұл аталған келісім арқылы Кореяға барып, сонда тұрақтап қалған заңсыз мигранттардың көбеюімен байланысты. Олар - заңсыз еңбек мигранттары. Бұл келісім күшіне енбей тұрғанда қазақстандық заңсыз келушілер саны 300-ден сәл ғана асатын. Ал келісім күшіне енген екі жыл ішінде бұл көрсеткіш едәуір ұлғайды. Корея Республикасының көші-қон қызметінің деректеріне сәйкес, Қазақстаннан келген заңсыз еңбек мигранттарының саны 6 мыңға жетті. Яғни, бастапқы көрсеткіштен 20 есеге көп. Осы себепті, кореялық көші-қон қызметі қазақстандық азаматтарды депортациялау бойынша шара қабылдай бастады», - деп түсіндірді Ардақ Мәдиев.
ҚР СІМ департамент басшысының айтуынша, қазіргі уақытта визасыз режим туралы келісімнің күшін жою туралы мәселе қойылып отыр.
«Жалпы алғанда, келісімнің тағдыры қыл үстінде тұр. Біздің азаматтардың Кореяға емін-еркін баруы үшін, Кореямен осы келісімге қол қою үшін қанша күш-жігер салынып еді. Бірақ, заңсыз мигранттар санының көп болуы келісімді әрі қарай жалғастыруға кедергі келтіруде», - деді А.Мәдиев.