Корея Республикасының делегациясы бүгін Қызылордада жапон басқыншыларына қарсы корей партизандық қозғалысының батыры болған генерал Хон Бом Доның сүйегін еліне жерлеу үшін табытын туған жеріне алып кетті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Арнайы шарада облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова, облыс әкімнің орынбасары Серік Ахмет, қала әкімінің міндетін атқарушы Бектас Нұридинов, облыстық корей этно-мәдени бірлестігінің төрағасы Елена Ким мәртебелі меймандарға құрметін білдірді.
Корея Республикасының патриоттар және ардагерлер жөніндегі министрі Хван Ги Чхоль, Корея Республикасының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Ку Хонг Сок, «Генерал Хон Бом До мемориалы» қорының Төрағасы У Вон Шик, актёр Чо Вон Джун Сыр жұртының қаһарман тұлғаға деген ерекше құрметі үшін ризашылығын білдірді. Бұл сапар ынтымақтастық бағытындағы екіжақты әріптестікті, достықты одан әрі нығайтуға мүмкіндік беретінін айтып, алғысын жеткізді.
Шарада Қазақстан Республикасының сарбаздары Хон Бом Доның сүйегін табыстау рәсімін өткізіп, генералдың табытын Корея Республикасының сарбаздарына табыс етті. Іс-шараға қатысушылар Хон Бон Доның құрметіне қоштасу рәсімін жасап, бас иді.
