08 ақп, 2020 сағат 21:27

Қордайдағы жанжал: Қырғызстан Қазақстанмен шекарадағы бақылауды күшейтті

Қордайдағы жағдайға байланысты Қырғызстан Қазақстанмен шекарасында бақылауды күшейтті, деп хабарлады Қырғызстанның шекара қызметі.

"Қазақстанның Жамбыл облысы Қордай ауданында жағдайдың ушығуына байланысты осы аумақпен шектесетін Шу облысында өткізу бекеттері, қырғыз-қазақ шекарасындағы дислокацияланған мемлекеттік шекара қызметі бөлімдерінде бақылау күшейді" деді шекара қызметінің баспасөз қызметі.

Азаттықтың Қырғыз қызметінің хабарлауынша, жанжалдан кейін 17 қазақстандық Тоқмақ ауруханасына түскен. Олардың 10-ы сол ауруханаға жатқызылған. Екеуі Бішкекке әкетілген. Зардап шеккендердің бір бөлігі Қордай аудандық орталық ауруханасына жатқызылған.

Қырғызстанның шекараны бақылау органдары өткен түнде Қазақстан жағынан Қырғызстанға қарай әдеттен тыс көп көлік пен адам өткенін хабарлады.

Бұған дейін Жамбыл облысының Қордай ауданындағы Масанчи ауылының тұрғындары арасында жаппай төбелес болғанын хабарлаған болатынбыз.

Полиция "Адам өлтіру" және "Тәртіпсіздік ұйымдастыру" бабы бойынша қылмыстық істер қозғады.

Көп уақыт өтпей Президент Қасым-Жомарт Тоқаев осы оқиғаға қатысты пікір білдірді.

«Жамбыл облысы Қордай ауданында бұзақылық сипаттағы жаппай төбелес болды. Оны арандатушылар өз пайдасына қолданбақ болған. Полиция жағдайды реттеп, өз бақылауына алды. Қоғамдық тәртіпті бұзғандар жауапкершілікке тартылады», деп жазды Қасым-Жомарт Тоқаев Twitter-дегі парақшасында.

Ал бүгін Мемлекет басшысы Жамбыл облысындағы оқиғаға байланысты мәлімдеме жасады.