27 нау, 2020 сағат 17:04

Қордай оқиғасы: 3 адам сотталды

Қордай ауданында полиция қызметкерлерінің заңды талабына бағынбай қарсылық танытқан 3 адам 1,5 жылдан бас бостандығынан айырылды.

Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте ҚР Бас прокурорының орынбасары Ерлік Кененбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат

«Осы жылдың 5 ақпанында Қордай ауданына қарасты Сарытөбе ауылында жол үстінде екі түрлі ұлт өкілдерінің арасында болған жағдай кезінде қарт адамға жарақат келтірілді. Бұл қылмыс бойынша 2 адамға күдік келтіріліп отыр. Оның біреуі сот санкциясымен қамауға алынған. Жақын арада тергеу жұмыстары аяқталып, істі сотқа жолдаймыз», - деді ол. 

Сонымен қатар ол 7 ақпан күні осы ауыл тұрғындарының бірі «Хонда одиссей» маркалы көлігімен полиция қызметкерлерінің заңды талабына бағынбай, үйіне кетіп қалған. Үйінің жанында ол туыстарымен бірге полиция қызметекерлеріне күш қолданған. Күдіктілер бірден ұсталып, сот санкциясымен қамауға алынған. 

«Олардың заңсыз әрекеттері полиция қызметкерлерінің жауаптарымен ғана емес, сонымен бірге куәгерлердің ұялы телефондарына жазылған көптеген бейне жазбалармен расталады. Осы оқиғаны интернет ресрустардағы бейнероликтерден де көруге болады. Осы жылдың 18 наурызында сот үкімімен 3 адам кінәлі деп танылып, сотталды. Сот олардың әрқайсысына 1,5 жылдан бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады», - деді Ерлік Кененбаев.