09 нау, 2026 сағат 13:03

Қонақжайлықтан басталған келісім: Қазақстандағы ұлтаралық келісім үлгісі

Өзінің тарихи жүріп өткен жолында көптеген қиыншылықтарға қарамастан біздің халық қамқорлығы мен жанашырлығын сан мәрте дәлелдей алған.

Тағдыр тәлкегіне ұшырап, қатыгез саясаттың құрбанына айналған, жер аударып өз елінен жыраққа тап болған талай өзге ұлттарды бауырына басып, паналатты. Бүгінде жүз отыздан астам ұлттар мен ұлыстардың өкілдері Қазақстанды «отаным» деп жақсы көруіне, бағалауына түрткі болып отыруының өзі қазақ халқының құшағының кеңдігінің арқасы. Қиын қыстау кезде бір тілім нанды үзіп жеген ұлттар бүгінде өсіп өнген. 

Қазіргі кезде әр ұлттар мен ұлыстардың өз мәдени орталықтары, бірлестіктері, жастар жобалары жұмыс істейді. Олар түрлі мерекелік іс шаралар, форумдар, дөңгелек үстелдер өткізіп тұрады. Қазақстан халқы Ассамблеясы белсенді қызмет атқарады. Бұл байырғы қонақжайлылық, тұрақтылық пен татулықты дәріптейтін ұстанымның көрінісі болса керек. 

«Бірлігіміз – әралуандықта» деген басты қағидатымыз ешқашан өзгермейді», - деп Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясының «Ел бірлігі – жаңарған Қазақстанның тірегі» атты XXXI сессиясында айтып өткендей ішкі тұрақтылық, қоғамдағы қауіпсіздік, өзара сенім қалыптастырудың жолы әртүрлі ұлттар, діндер, тілдердің арасында бейбіт байланыс орнату екені мәлім.