14 мам, 2019 сағат 18:48

Көмірге талас кезінде спортшыны "өлтірген" Семей тұрғыны сотталды

14 мамырда Семей соты дзюдошы Жасұлан Әбиевті өлтірді деп айыпталған қала тұрғыны Мәулен Марленовті сегіз жылға бас бостандығынан айырды. Бұл туралы қазақстандық Tengrinews.kz ақпарат агенттігі хабарлады.

Айыпталушы спортшының отбасына үш миллион теңге моральдық шығын төлеуі тиіс. Сот үкімі күшіне енген жоқ. Екі тараптың да апелляция сотына шағымдануға құқығы бар. Қаза тапқан Жасұлан Әбиевтің жақындары сот үкімімен келіспейтіндерін, апелляциялық шағым түсіретінін айтты.

2018 жылы 12 қарашада Семейде көмір кезегінде тұрған екі адам төбелесіп, біреуі қаза тапқан. Кейін мерт болған дзюдодан бірнеше халықаралық жарыстың жүлдегері Жасұлан Әбиев екені анықталған. Бұл оқиға Қазақстан қоғамында шу туғызған.