18 қаң, 2021 сағат 11:45

Көктемде болуы ықтимал су тасқынына дайындық жоспарға сай жүріп жатыр - Қазсушар

«Қазсушар» РМК 2021 жылғы су тасқыны кезеңіне дайындық бойынша жоспарлы жұмыс жүргізуде.

Осы бағытта нақты қандай шаралар қабылданып жатқаны туралы ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің Facebook-тегі парақшасындағы тікелей эфирде «Қазсушар» РМК Бас директорының орынбасары Ерлан Сәдуақасов мәлімдеді.

Оның айтуынша, су тасқыны қаупінің алдын алу үшін кәсіпорын өткен жылдың күзінен бастап су қоймаларында бос сыйымдылықтар құру бойынша жұмыс жүргізуде.

«Біз бұл бағытта 2020 жылдың күзінен бастап жұмыс істеп келеміз. Сондай-ақ, бассейндік инспекциялармен, Төтенше жағдайлар саласы өкілдерімен және әкімдіктермен бірлесіп, гидротехникалық құрлыстарды көзбен шолып, тексеру жүргіздік. Төтенше жағдай туындай қалса, құрылыс және басқа да инертті материалдардың, қаптардың қажетті қорлары дайындалды, тиісті арнайы техника бар, жанар-жағармай дайын», - деп атап өтті спикер.

Ерлан Сәдуақасов хабарлағандай, «Қазсушар» РМК балансында республикалық меншіктегі 4953 су шарауашылығы және гидромелиоративтік объектілер бар, оның ішінде: 86 су қоймасы, 84 су торабы, 36 бөгет, 103 сорғы станциясы, 46 бас құрылыс, 3298 канал және басқа да су шаруашылығы объектілері бар.

 

«Барлық су қоймалары бекітілген кестеге сәйкес жұмыс істейді және көктемгі тасқын суды жіберетін сыйымдылық қоры бар. Оларды жобалық көлемге дейін толтырған және су мол көлемде келетін болса, олар транзиттік режимде жұмыс істейді», - деп хабарлады Қазсушар басшысының орынбасары.

Ерлан Сәдуақасов Қазақстанда су тасқыны кезеңі оңтүстік өңірлерді қоспағанда, наурыз айының басында басталатынын, ал еріген су ақпанның басында келетінін атап өтті. Су тасқыны маусымының сәтті өтуі ауа-райы жағдайларына және су тасқынына қарсы уақытылы қабылданған шараларға тікелей байланысты. 

«Ақпан айында «Қазгидромет» ылғал қорының көлемі мен топырақтың қату тереңдігі туралы ақпаратты ұсынады. Бұл көктемгі су тасқыны қаупі бар аймақтарды анықтайды. Сондай-ақ, олардың мәліметтері негізінде біз су қоймаларының жұмыс режимін түзетеміз. Бұл қауіпті гидрологиялық құбылыстарды дер кезінде анықтау, гидротехникалық құрылыстардың жағдайын бақылау үшін жасалады», - деп түйіндеді ол.