14 жел, 2023 сағат 16:57

Көктемде астық тұқымы тапшы болуы мүмкін – Иван Сауэр

Фото: Тұрар Қазанғапов

Шаруалар өніп кеткен астық дәнін сатуда проблемаға тап болып отыр. Бұл туралы «Родина» агрофирмасы» ЖШС-нің бас директоры Иван Сауэр айтты, деп хабарлайды Kazinform агенттігі. 

«Астықтың дені өніп кетті. Сондықтан оны сатуда айтарлықтай проблема бар. Сондай-ақ көктемде тұқыммен де күрделі жайт қалыптасуы мүмкін деп ойлаймын. Өйткені көптеген шаруашылықтар мүлдем тұқымдары жоқ екендігін айтып жатыр. Демек, бүгіннен бастап ойластыру қажетті проблемалар туындап отыр», - деді Иван Сауэр Мәжілістегі дөңгелек үстел отырысынан кейін агенттік тілшісінің сауалына орай.

Агрофирма басшысы шаруаларды субсидиялау мәселесіне қатысты проблемаларға да тоқталды.

«Субсидиялау бойынша цифрда өте үлкен алшақтық бар. Күз басында министр Сапаров баяндама жасап, субсидия бойынша берешек шамамен 155 млрд теңге екенін айтқан еді. Бұл цифр шаруалар айтып отырған дерекпен пара-пар десек те болады. Алайда, облыстық ауыл шаруашылығы басқармаларының деректерімен бұл цифрды салыстырғанда берешек тек шамамен 90 млрд теңге ғана болып шықты. Әрине, әділетсіз дерек. Бұл жергілікті облыстық ауыл шаруашылығы басқармаларының кемшілігі сияқты», - деді ол.