25 ақп, 2020 сағат 11:35

Қоғамдық кеңестер атауынан «жанындағы» сөзін алып тастау керек – Нұрлан Әбдіров

Қоғамдық кеңестер атауынан «жанындағы» қосымша сөзді алып тастау керек. Бұл туралы бүгін «Nur Otan» партиясы жанындағы Құқықтық кеңес төрағасы Нұрлан Әбдіров айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қоғамдық кеңестер «жанындағы» болмауы тиіс. Бүгінда аумақтық барлық қоғамдық кеңестер дұрыс аталады. Олар - облыстың, ауданның, Алматы, Нұр-Сұлтан қаласының қоғамдық кеңестері», - деді Нұрлан Әбдіров аталған кеңестің кеңейтілген отырысында.

Осы ретте ол дұрыс атамаудың үлгісі ретінде Денсаулық сақтау министрлігінің қоғамдық кеңесін мысалға келтірді.

«Егер қоғамдық кеңес атауында Денсаулық сақтау министрлігі көрсетілсе, онда бұл дұрыс емес. Ол министрліктің қоғамдық кеңесі бола алмайды. Аталған заң жобасымен жұмыс істеген бастапқы кезеңде-ақ біз қоғамдық кеңестер қандай да бір мемлекеттік органның жанындағы, әкімдіктің, министрліктің жанындағы болмауы тиістігімен күрескен едік. Ол аумақтың қоғамдық кеңесі немесе қандай да бір бағыттың қоғамдық кеңесі болуы тиіс. Айталық, Ішкі істер министрлігінде ІІМ жанындағы қоғамдық кеңес емес, ішкі істер органдарының қызмет мәселелері жөніндегі қоғамдық кеңес болуы қажет», - деді Н.Әбдіров.

Айта кетейік, шараға қоғамдық кеңестердің, сарапшылық қоғамдастықтардың, ҮЕҰ-лердің мүшелері, мемлекеттік органдар мен халықаралық ұйымдардың басшылары қатысты.

Бүгінде елімізде түрлі деңгейдегі 234 қоғамдық кеңес жұмыс істейді.