03 қыр, 2021 сағат 21:43

Қоғам «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидатына сенім артып келеді – cарапшы


Еуропалық құқық және адам құқықтары сараптамалық институтының директоры, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі Марат Бәшімов Президенттің жаңа Жолдауы туралы пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Біріншіден, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бағытына сенім арта түсті. Ол бүкіл қоғам мен халық үшін әділетті қоғам мен тиімді мемлекет құру қажеттігін ашық айтып отыр. Мұнда әділеттің не екені қатардағы адамға да түсінікті. Осы екі тезистің астында көп мағына жатыр. Мемлекеттің тиімді болуы – мемлекеттік басқаруды жетілдіру, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес және т.б. қамтиды. Оған сенім арта түсті, көп талқылана бастады, әлеуметтік желілерде де көп талқыланып жатыр», - деді Бәшімов «ҚазАқпарат» халықаралық ақпарат агенттігінің баспасөз орталығында өткен сараптамалық талқылауда. 

Сондай-ақ, институт директоры құқықтық саланы дамытуға қатысты да пікір білдірді. 

«Құқықтық салада да қоғамдық сана өзгеріп келеді. Бұл өте маңызды. Прокуратурада да солай. Нені дамыту керек? Прокуратура қызметіндегі ашықтық, айқындықты дамытқан жөн. Осы бағыттарға сын айтылып жатыр», - деді Марат Бәшімов. 

Сонымен бірге, Марат Бәшімов «халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидатына қоғамның сене бастағанын атап өтті.