Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Мьянмада орын алған қайғылы оқиғаға байланысты қатты алаңдаушылық білдіріп, жергілікті тұрғындарға жасалған қасіретті қатаң айыптайды.
«400-ден астам адамның өмірін қыршыннан қиған қасіретті оқиға әлемнің әр түкпіріндегі мұсылман жұртының ғана емес барша адамзаттың алаңдаушылығын тудыруда», - дейді діни басқарма өкілдері.
ҚМДБ еліміздегі барша халықтан нақақтан құрбан болған, зорлық, зомбылық көрген адамдар үшін Бір Алладан дұға етуді сұрайды.
«Өйткені Алла елшісі: «Дұға мұсылманның қаруы» деген. Мьянмадағы адамды азаптап өлтірудің шектен шыққан бұл көрінісі біздің де жанымызға қатты батты. Алла Тағала қасиетті Құранда: «Жазықсыз бір адамның қанын төгу – жер бетіндегі бүкіл адамды өлтіргенмен бірдей», – деп ескерткен. Алланың күллі адамзатқа жіберген бұл ашық ескертуін ұмытпауымыз керек. Жаратушы Иеміз барша адамзат баласына мейірім-шапағат, бейбіт өмір, ынтымақ, сабыр берсін!» делінген хабарламада.