22 қар, 2023 сағат 18:37

ҚМА заңсыз құмар ойын ұйымдастырушылардың тізімін жариялады

Фото: depositphotos.com

Қаржылық мониторинг агенттігі Қазақстан аумағында онлайн казино қызметін жүзеге асыратын ұйымдардың тізімін жариялады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Аталған тізім Мемлекет басшысының заңсыз құмар ойындарды өткізуді шектеу туралы тапсырмасын орындау аясында Туризм және спорт министрлігімен бірлесіп құрылған.

Тізім қаржылық мониторинг субъектілерінің заңсыз ойын бизнесіне қарсы іс-қимыл шеңберінде және өз қызметінде пайдалануы үшін ҚМА порталында орналастырылған. Ол заңсыз ойын бизнесін жүзеге асыру кезінде қаржы ұйымдарының өнімдері мен қызметтерін пайдалану деңгейін төмендетуге бағытталған.

"Ойынға тәуелділік адам тағдырын бұзатын қауіпті құбылысқа айналды. Бұл проблема отбасылық, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың туындауына және басқа да қылмыстық құқық бұзушылықтар жасауға алғышарттар туғызады.

2019-2022 жылдар аралығында 73 жасырын казино жойылып, 2280 ойын терминалы тәркіленді. Ағымдағы жылдың басынан бері Агенттік қызметкерлері 19 заңсыз ойын мекемесін және 111 ойын терминалын анықтады.

Қабылданған алдын алу шараларының арқасында соңғы 5 жылда тіркелген істер санының 5,5 есе төмендеуі байқалады" - делінген хабарламада.

Сонымен қатар, бүгінгі күні Агенттік заңсыз ойын қызметі (онлайн казино) белгілері бар әлеуметтік желілердегі сайттар мен аккаунттарға 3 мыңнан астам сілтемені бұғаттаған.