Түркістан қаласы облыс орталығына айналғалы өте үлкен өзгерістер болып жатқаны белгілі. Тарихи мекеннің тарихи келбетін сақтай отырып, жаңғырту оңай емес. Осы орайда Қазақстан халқы Ассамблеясының жастары, Түркістан облысында тұратын этнос өкілдері «Түрленген Түркістан» өлкетану экспедициясына қатысты, - деп хабарлайды «Ұлт ақпарат».
Түркістан обылысы қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ ұйымдастырған шара аясында жастар экспедицияға қатысушылар Орталық Азиядағы ең ірі «Керуен-сарай» көпфункционалды туристік кешеніне саяхат жасап, естелікке суретке түсті.
«Өмірімдегі ең қызықты, ең ерекше, ең ыстық сәттердің бірі болды. Түркістанға осыдан сегіз жыл бұрын келгенмін. Қазір мен көрген Түркістан мүлде басқа. Түрленген. Нағыз туристік аймаққа енді айналыпты. Көрсең көз тоятын көркі, көңілің қуанатын дамуы адамды қанаттандырып жібереді екен. Түркі әлемінің бесігі ретінде танылған Түркістанды дәл осылай дамыту өте үлкен маңызды әрі сауапты іс. Осы кішкентай ғана қаланы үлкен облыстың орталығына айналдыруды тапсырған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қырағылығына ризамын. Осы қаланы дамыту арқылы елді танытуға, туристерді көптеп тартып, экономикаға үлес қосуға болатынын болжай білді. Бүгінгі Түркістанның дамып жатқанын өз көзіммен көріп, шын қуанып қайттым», - дейді Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, Төлеби ауданынан келген Ахмет Асад.
Экспедиция аясында өңірдегі этномәдени бірлестіктердің төрағалары мен мүшелері және «Жаңғыру жолы» республикалық жастар қозғалысының Түркістан облыстық штабының мүшелері «Сауран қалашығы» мен Қожа Ахмет Яссауи кесенесін аралап, тарихи мұраларымен танысты.
«Біз бұл шараны Қазақстан халқы Ассамблеясының даму тұжырымдамасына сәйкес Қазақстан халқының ортақ тарихи-мәдени мұрасын қолдау, сақтау және насихаттауды жүзеге асыру мақсатында ұйымдастырып отырмыз. Саяхаттың әр минутына дейін есептеп, қатысушыларды зеріктірмеуге, уақытын бос өткізбеуге тырыстық. Сонымен қатар, жастар тарапы Түркістанды аралап қана қоймай, «Қазақтану» жобасы аясында «Қазақтың көне және дамушы салт-дәстүрлері мен әдеп ғұрыптары» тақырыбында пікір алмасып, көне нысандардың тарихы жайындағы аңыздарды әңгімелесті. Бір-бірінен түрлі аңыздарды естіп, алдағы уақытта өзгелерге айта жүруге де уәделесті», - дейді Түркістан обылысы қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ қызметкерлері.
Ал Түркістанға алғаш рет келген Эйлем Бурха елімізде осындай ерекше тарихи мекеннің барына таңғалысын жасырмады. Эйлем Түркістан облысына 2018 жылы қоныс аударған. Көшіп келуінің негізгі себебі – ата-бабасы жатқан тарихи отанына оралу. Ал өзі бұл туралы былай дейді:
«Өткен ғасырдың аласапыран жылдарында менің аталарым Түркия еліне қоныс аударған екен. Тарихтың ондай беттері үшін біз ұрпақ кінәлі емеспіз. Сондықтан есейіп ес білгелі тарихи Отаныма оралу туралы көп ойландым. Қазақстанға келіп білім алып, қызмет еткім келді. Еліме еңбек сіңіргім келді. Бұл ойымды ата-анама айтып едім, қуана қолдады. Мен үйдің жалғыз қызымын. Сондықтан әке-шешем менің әрбір шешіміме құрметпен қарайды, және қолдайды. Осы жолы да қолдап, бірге келуге қуана келісті. Ал бүгін тарихи мекен Түркістанды көру бұйырған екен. Алған әсерім өте ерекше. Енді бұл жерге жиі келіп тұруға тырысамын, алдағы уақытта ата-анамды да алып келемін. Бұл жерге келгенде көзіме ыстық жас тығылды. Мен шынымен қатты қуаныштымын», - деді Эйлем Бурха.
Айта кетейік, Ақордада «Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысының кейбір мәселелері туралы» Жарлыққа қол қойылды. «Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы» Заңның 3-бабының 1-тармағына сәйкес, Шымкент республикалық маңызы бар қала мәртебесіне ие болды. Бұл әкімшілік бірлік еліміздің он жетінші аймағы атанды. Ал қазақ хандығы мен түркі әлемінің жүрегіне айналған Түркістан қаласы облыс орталығы болып бекітілген болатын. Бұл туралы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Бұл әкімшіліктің аумақтың құрылымдық өзгерістері осы өңірдің өркендеуіне тың серпін беруін көздеген тарихи құжат болады. Оңтүстік Қазақстан еліміздегі экономикалық, көлік, логистикалық, демографиялық әлеуеті зор аймақ. Биыл халқының саны миллионға жеткен Шымкент Қазақстанның ең ірі үш мегаполисінің қатарына қосылды», - деген еді.
Естеріңізге сала кетейік, Түркістан қаласы облыс орталығына айналғалы өте үлкен өзгерістер болып жатқаны белгілі. Тарихи мекеннің тарихи келбетін сақтай отырып, жаңғырту оңай емес. Осы орайда Қазақстан халқы Ассамблеясының жастары, Түркістан облысында тұратын этнос өкілдері «Түрленген Түркістан» өлкетану экспедициясына қатысты. Түркістан обылысы қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ ұйымдастырған шара аясында жастар экспедицияға қатысушылар Орталық Азиядағы ең ірі «Керуен-сарай» көпфункционалды туристік кешеніне саяхат жасап, естелікке суретке түсті.
