aqiqat.kazgazeta.kz
Өткен айда біз елімізде кітап оқу мәдениетін қалыптастыру бағытында жалпыұлттық кітап оқу үрдісін жолға қою жұмыстарының жанданып келе жатқанын жазғанбыз. Десек те, әлі де болса кітапхана жүйесінде келеңсіздік тудырып тұрған кеңестік кезеңнен қалған кедергілердің барын жасыра алмаймыз. Ult.kz бұл мәселені назардан тыс қалдырмай, кітапхана төңірегіндегі түйткілдерді де қал-қадерінше жұртшылыққа жеткізіп келеді.Мәжіліс депутаты Жұлдыз Сүлейменова кітап оқуды насихаттап қана қоймай, кітапханашылардың да әлеуметтік жағдайын заңмен реттеп, жағдайын жасау керектігін айтқан-ды.
«Кадр даярлау ісіне жаңаша көзқараспен қарауымыз қажет. Бүгінгі таңда бізде кітапханашылар Қыздар ұлттық педагогикалық университетінде оқытылып, олар ескірген бағдарламамен білім алып жатыр. Сондықтан осы мемлекеттік бағдарламаның аясында әр саладағы кітапханашыларды жіктеуді ұсынып отырмыз», ‒ деген еді депутат Жұлдыз Сүлейменова.
Бұл мәселе депутаттардың назарынан тыс қалмайтынын жеткізген Ж.Сүлейменова бүгін Мәжілістің жалпы отырысында кітапхана төңірегінде қалыптасқан түйткілге тағы бір тоқталып, Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбекке қарата депутаттық сауалын жолдады.
Мәжілісмен өз сауалында бүгін елімізде алғаш рет Ұлттық кітап күні өткізіліп жатқанын айтып, бұл игі бастама Мемлекет басшысының Ұлттық Құрылтай аясында берген тапсырмасына сәйкес және депутаттық корпустың қолдауымен жүзеге асырылғанына тоқталды.
«Ұлттық кітап күні – қоғамның зияткерлік әлеуетін арттыруға, өскелең ұрпақтың кітап оқуға деген қызығушылығын оятуға бағытталған маңызды бастама. Елімізде жазушылар мен авторларға қолдау көрсету мақсатында арнайы гранттар бөлу мәселесі заңнамада қарастырылуда. Бұл бастамалар рухани дамудың негізгі тірегі. Алайда бұл салада әлі де шешімін таппаған өзекті мәселелер бар», – деді Ж.Сүлейменова.
Соның бірі ретінде кітапханашылардың кәсіби біліктілігі мен кадрлық қамтылуын атап өтті. Айтуынша «Кітапхана ісі» мамандығы бойынша кадрлар даярлауды «Журналистика және ақпарат» бағыты аясында еліміздегі 51 жоғары оқу орны жүзеге асырады екен.
«Осыдан 2 жыл бұрынғы мәліметтермен салыстырсақ, әрине салада ілгерілеу бар. Мысалы, 36 бағдарлама кәсіби стандарттары жетілдірілген. Бакалавриатта – 5 881 студент, магистратурада – 287 магистрант, Докторантурада – 73 докторант, барлығы 6241 адам оқиды. Дегенмен бүгінгі таңда ҚР Білім саласындағы ұлттық классификатор мен жоғары білім беру бағдарламаларын қайта қарап, «Кітапхана ісі» мамандығын дербес білім беру бағыты ретінде бөлек қарастыру қажет деп санаймын», – дейді Мәжіліс депутаты.
Сондай-ақ ол депутаттық сауалында «кітапхана ісі» біліктілігі – бұл ақпаратты сақтау, жүйелеу, оқырманға ұсыну және цифрлық технологияларды пайдалана отырып, қоғамға ақпараттық қызмет көрсетуге бағытталған дербес сала екенін атап өтті. Бұл мамандық бойынша оқытатын пәндер мен кәсіби дағдылар жиынтығы жағынан журналистикадан түбегейлі ерекшеленетінін де жеткізді.
«Бүгінгі күні елімізде цифрлық трансформация, жасанды интеллект, ашық білім ресурстары кеңінен дамып келеді. Осындай кезеңде кәсіби кітапханашыға деген сұраныс артуда, алайда мамандықтың мәртебесі мен танымалдылығы төмендеп барады. Оның бір себебі – тиісті білім беру бағытының бұрмалануы мен нақты ерекшелігінің ескерілмеуі», – деп атап өтті Ж.Сүлейменова.
Сонымен бірге, еліміздегі университеттерде «Кітапхана ісі» мамандығы бойынша әзірленетін білім беру бағдарламалары көбінесе жалпы сипатта болып, кітапхана саласының нақты секторларына бейімделмеген. Сондықтан депутаттың айтуынша, уақыт талабына сай, педагог-кітапханашыларды, қоғамдық кітапханалардың қызметкерлерін және ғылыми-зерттеу мекемелерінің кітапханашыларын арнайы даярлауға бағытталған салалық, мамандандырылған жаңа білім беру бағдарламаларын әзірлеу қажет.
Ал кітапханалар білім мен мәдениеттің ошағы болғандықтан, кітапханашы мамандығының беделін арттыруға ерекше көңіл бөлінуі шарт. Осыны қадап айтқан мәжілісмен Ж.Сүлейменова министр Саясат Нұрбектің назарына қоғамның түрлі қажеттіліктерін қамту үшін салалық мамандандырылған кітапханашыларды даярлау маңызды екенін жеткізді.
«Педагог-кітапханашылар – оқу сауаттылығын арттыру үшін мектептер мен оқу орындарында жұмыс істейтін кітапханашылар. Қоғамдық кітапхана мамандары – халықтың мәдени сұранысын қанағаттандырып, оқырмандық белсенділікті дамытуға атсалысатын мәдениет саласындағы кітапханашылар. Ғылыми кітапханашылар – университеттер мен ғылыми орталықтардағы дерекқорлармен жұмыс істейтін ғылыми қызметкер ретіндегі кітапханашылар», – деген депутат бірқатар ұсынысын жария етті.
Алдымен Білім саласындағы ұлттық классификатор мен жоғары білім беру бағдарламаларын қайта қарап, «Кітапхана ісі» мамандығын дербес білім беру бағыты ретінде бөлуді қарастыруды ұсынды.
Одан кейін «Кітапхана ісі» мамандығымен оқып жатқан бакалавр, магистр және PhD докторанттарының еңбек нарығындағы сұранысына сараптама жасау, жұмыспен қамту бағдарламасын қабылдау қажеттігін алға тартты.
Үшінші ұсынысы ретінде «Кітапхана ісі» мамандығында «Педагог-кітапханашы», «Мәдениет саласының кітапханашысы», «Ғылыми кітапханашылар» білім беру бағдарламаларын әзірлеу қажет екенін министрдің назарына жеткізді.