Алматыдағы Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығында 300-ге жуық медбике жұмыс істейді. Науқас нәрестелердің дертіне дауа іздеп, әрбір емделушінің жағдайын жасап, олардың тез сауығып кетуіне үлес қосып жүрген медбикелердің алар орны бөлек.
Солардың бірі Неонатология және жаңа туған нәрестелер хирургиясы бөлімшесінің медбикесі Гүлжан Сәдібек. Ол аталған орталықта 33 жылдан бері жұмыс істеп келеді.
«Мен еңбек ететін неонатология бөлімінің жауапкершілігі мол. Тіпті медбикелердің көтерер жүгі екі есе ауыр десек те болады. Өйткені бұл жерге жаңа туған нәрестелер ғана түседі. Біздің қарайтын балалардың салмағы 650 грамм. Әрине олар ерекше күтімді қажет етеді. Тіпті тез салмақ қосып, сауығып кетуіне медбикелердің қосар үлесі зор»,– дейді Гүлжан Сәдібек.
Оның айтуынша, инкубатордағы (кювез) нәрестелер медбикенің тікелей қарауында болады. Мұндай жағдайда әріптестерім сақшы сияқты тәулік бойы сәбидің жанынан шықпайды. Олар кез келген сәтте алғашқы көмекке дайын болуы керек.
«Шала туған және күрделі операция жасалған шақалақтарға дәрі егуде де оңай шаруа емес. Алсаң алақаныңа сиятын кішкентайдың көк тамырын тауып, катетер қою да үлкен ептілікті, тәжірбиені талап етеді. Зерігерлік жұмыспен тең десек те болады»,– дейді медбике.
Сонымен қатар, ол сәби тез сауығып, ата-аналарының қолына берілсе балаша қуанатындарын айтты.
«Бала деген – үлкен бақыт қой. Кез-келген ата-ана сәбиінің дені сау болғанын қалайды. Өз кәсібіңе адал болып, барынша қолдау көрсетсең, оны халық айтып жүреді. Шүкір еңбегімізге дән риза ата-аналар саны шексіз», – дейді ол.
Дәрігер емінің нәтижелі болуы медбикенің ем-домды уақтылы көрсетіп, өз міндетін мүлтіксіз атқаруына тікелей байланысты. Науқастың денсаулығына дәрігерден кем жауап бермейтін де солар.
«33 жыл аз уақыт емес. Осы уақыт аралығында менің қолымнан 10 мыңннан астам сәби өтті. Қызығы сол қазір олардың алды отбасын құрып, өздері де сәбилі болды. Бізді ұмыпайды. Әлі күнге дейін хабарласып тұрады. Еңбектің жемісі деген осы емес пе?»,– деп қортындылады Гүлжан Сәдібек.