29 сәу, 2021 сағат 17:56

Кинотану мектебінің негізін қалаған: Бауыржан Нөгербек туралы жаңа кітап таныстырылды


ҚР Ұлттық академиялық кітапханада белгілі кинотанушы Бауыржан Нөгербектің өмірі мен шығармашылығына арналған «Кинотанушы Бауыржан Нөгербек» кітабы таныстырылды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Жинақ белгілі кинотанушы, көрнекті ғалым, профессор, Қазақстанда кинотанудың негізін қалаушы, Бауыржан Нөгербектің өмірі мен шығармашылығына арналған. 

Онда Бауыржан Нөгербектің қазақ кино өнері, оның қалыптасу және даму тарихы, ұлттық кино өндірісінің ерекшеліктері туралы әр жылдары баспасөз бетіне шыққан мақалалары мен сұхбаттары, архив құжаттары мен фотосуреттері жинақталған. Сондай-ақ сыншының өмірі, шығармашылығы мен қайраткерлік келбеті туралы әріптестері мен шәкірттерінің, дос-жарандары мен туған-туыстарының естеліктері берілген.

«Бауыржан – республика ғана емес, Кеңес одағына, посткеңестік елдерге де белгілі кино теориясының жаршысы, терең білімді киносыншы. Кеңес кезінде де Бауыржанның сөздерімен, пікірлерімен санаспайтын киногер болмайтын. Әрине, сыншы ретінде сыншының қызметі, өмірлік ұстанымы негізгі шығармаларды жасайтын суреткерлерден гөрі қиынырақ. Ешбір жағдаяттарға қарамай, әсіресе шығармашылық адамының көңіл күйіне қарамай, шындыққа сай ой айта білетін сыншы сол сәттегі ыңғайсыздыққа төтеп бере алса, уақыт өткен сайын «әділ сыншы» атағына ие болады. Себебі, ақиқат – қашанда уақыт өлшемімен айқындалатын сыр. Бүгінгі ұғымдармен айқындасақ, сыншы сарапшы, эксперт, диагностик сынды ұғымдарға жақын. Оның саяси, әлеуметтік, идеологиялық, туысқандық, достық, корпоративтік қажеттіліктерден алшақ болуы және өзі айтқан тұжырымдарын әркез дәлелдеп бере алатыны – үлкен қасиет», - деді дөңгелек үстел модераторы, кинорежиссер, продюсер, Қазақ ұлттық өнер университетінің профессоры Сламбек Тәуекел. 

Кітап Алматы қаласындағы Қазақ университеті баспасынан шығып отыр. Құрастырушылары – Бауыржан Нөгербектің жары, белгілі театртанушы Гүлжаhан Бекхожина және ұлы, белгілі кинотанушы, Phd докторы, Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының «Кино тарихы мен теориясы» кафедрасының доценті Баубек Нөгербек.

«Әкем көзі тірісінде өзінің 70 жасына қазақ тіліндегі мақалалар жинағын шығарғысы келген еді. Бұған дейін орыс тілінде бірнеше кітаптары шыққан. 1970 жылдардан бері көлемді материал жинақталған еді. Бірақ, әкеміз 68 жасында сырқаттанып, 2017 жылы қайтыс болды. Кітап шығару жұмыстары кейінге қалды. Ал қазір кітап форматын кеңейтіп, мақалалары мен сұхбаттарын және шығармашылығы туралы зерттеулер мен естеліктерді бірге шығардық», - деді Баубек Нөгербек. 

Сонымен бірге, киносыншының шәкірті, ҚР Президентінің баспасөз хатшысы Берік Уәли ұстазы туралы естелік жазды. 

«Бауыржан ағай – шынымен де Қазақстандағы кәсіби кинотану мектебінің негізін қалаушы. 1993 жылы Т. Жүргенов атындағы театр және кино институтында «Кинотану» мамандығы ашылғанын біліп, ең алғаш осы шеберханаға жазылғанбыз. Жалпы қазақ кино өнерінің тарихындағы осы Кинотану мектебінің негізін Бауыржан Нөгербек қалаған. Кейін астанаға ауысып, Өнер университетінде де шәкірттер тәрбиеледі. Бауыржан ағай өз ортасында да, әріптестері мен замандастары арасында сыйлы, беделді азамат болғанын білеміз. Ұлағатты ұстаздығынан бөлек, адамгершілігі де мол, сол кездегі 16-17 жастағы балаларды қаланың қым-қуыт тірлігіне бейімдеп, баптаған бапкеріміз болды. Ағалық, әкелік қамқорлығының арқасында қалаға сіңісіп кетуімізге Бауыржан Рамазанұлының үлкен септігі тиді», - деді Б. Уәли.