Фото: kapital.kz
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың IV отырысында кино саласына қатысты сынның орынды екенін айтты, деп хабарлайды Ult.kz.
Мемлекет басшысының айтуынша, былтыр қазақстандық мамандар түсірген 94 фильм шыққан екен.
«Тағы бір түйткіл – қазір кинотеатрда көрсетілетін фильмдерге қатысты қоғамдық сын бар. Былтыр қазақстандық мамандар түсірген 94 фильм шыққан, яғни, негізінен өзіміздің өнім шығарылып жатыр. Бұл – жақсы үрдіс. Бірақ біз ең алдымен санға емес, сапаға көңіл аударуымыз керек. Көрерменнің көңілін көтеріп, күлкі сыйлау – бір бөлек, жағымсыз әдеттерді насихаттау – бір басқа», – деді Қ.Тоқаев.
Президент өз сөзінде, зорлық-зомбылықты, қатыгездік пен қылмысты насихаттайтын фильмдер де пайда болғанын, осы жерде бір нәрсені ескеру керек мәселелер барын алға тартты.
«Бүгінде фильмдердің басым көпшілігі мемлекеттік тапсырыспен емес, жеке қаржыға түсірілуде. Кино маңызды идеологиялық құрал екенін бәріміз жақсы түсінеміз. Сондықтан жеке қаржыға түсірілсе де, фильмді кинотеатрға шығармас бұрын алдын ала сүзгіден өткізу жолдарын қарастырған жөн», – деді Мемлекет басшысы.